Үндістанның Одиша штатында ер адам үш ай бұрын қайтыс болған әпкесінің денесін қазып алып, шамамен үш шақырым жердегі банк бөлімшесіне алып барған. Бұл туралы India Today хабарлады.
Басылым мәліметінше, әйел қаңтар айында сырқаттан көз жұмған. Оның банк шотында соңғы 19 мың рупий (шамамен 92 мың теңге) қалғанымен, ағасы бұл қаражатты ала алмаған.
Ер адамның айтуынша, ол банкке бірнеше рет жүгінгенімен, қызметкерлер шот иесінің қатысуынсыз ақша беруден бас тартқан. Амалы таусылған ол әпкесінің денесін қазып алып, матаға орап, жаяу түрде банкке жеткізген.
Оқиға банктегі қызметкерлерді шошытқандықтан, олар бірден полиция шақырған. Құқық қорғау органдары мәйітті алып, қайта жерлеген. Сонымен қатар ер адамға мұрагерлік қаражатты алу тәртібі түсіндірілген.
Ал Indian Overseas Bank өкілдері марқұмды әкелу туралы талап қойылғанын жоққа шығарды. Олардың мәлімдеуінше, ақша алу үшін ресми құжаттар – өлім туралы куәлік пен мұрагерлік құқықты растайтын құжаттар қажет болған, бірақ ер адамда олар болмаған.
Жергілікті билік өкілдері банкке бұл мәселені жедел шешуді ұсынып, мұндай жағдайларда адамгершілік тұрғысынан қарау қажеттігін атап өтті.