Студент өлімі: ҚазҰУ-дың проректоры мен декан жұмысынан кетті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Елдің қас жауы...": Тоқаев көтерген жемқорлық мәселесі Түркістан облысында асқынып тұр ма?

"Елдің қас жауы...": Тоқаев көтерген жемқорлық мәселесі Түркістан облысында асқынып тұр ма?
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты "аса күрделі жағдай" деп бағалап, сыбайлас жемқорлыққа батқан адамдарды елдің қас жауы деп атады. Мемлекет басшысы соңғы үш жылда елімізде 3 168 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы анықталғанын, ал 2026 жылдың алғашқы он айында тағы 751 дерек тіркелгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Президент мемлекеттік қаржының жұмсалуын бақылауды күшейтіп, жемқорлықпен күресте ешкімге артықшылық берілмеуі керектігін ескертті.

Тоқаевтың бұл мәлімдемесі аясында облыстардағы бюджет қаражатын жымқыру, субсидияларды заңсыз иемдену және мемлекеттік мекемелердегі қаржылық заңбұзушылықтар да ерекше назар аудартады.

Өйткені, жемқорлықпен күрес туралы саяси мәлімдеменің нақты нәтижесі өңірлердегі бюджет тәртібі мен жергілікті басшылардың жауапкершілігінен көрінуге тиіс.

Мысалы, Түркістан облысында биыл бюджет қаражатын жымқыру, субсидияларды заңсыз алу, мемлекеттік сатып алу бойынша жалған құжат пайдалану фактілері бірнеше салада анықталыпты. Яғни, аймақтағы ветеринария, ауыл шаруашылығы, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қызмет көрсету мекемелеріндегі заңбұзушылықтардың көлемі миллиардтаған теңгеге жеткен.

Ең алдымен, ветеринария саласындағы 928 млн теңгелік іске назар аударған жөн. Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2022–2025 жылдары "Ветеринариялық қызмет" мемлекеттік кәсіпорнында іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтер үшін ақша аудару схемасы қолданылған. Іс бойынша бұрынғы басшы мен жауапты қызметкерлер күдікті ретінде қамауға алынған.

Сондай-ақ, аймақта ауыл шаруашылығындағы субсидия мәселесі де күрделі. Мысалы, Сайрам ауданында сүт өндіру көлемін сегіз есеге дейін асырып көрсету арқылы бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаражатты заңсыз алу дерегі анықталған. Екі қылмыстық іс тіркеліп, бір іс бойынша төрт күдіктіге қатысты тергеу аяқталған. Әзірге бюджетке 40 млн теңге қайтарылған.

Бұдан бөлек, осы жылғы қыркүйекте мал шаруашылығына арналған субсидияларды жалған құжаттар арқылы алу бойынша 103 млн теңгелік іс тергеуден өткен. Күдіктілердің мүлкіне тыйым салынған.

Мұнан бөлек, облыстың білім беру саласында да ірі заңбұзушылықтар әшкереленді. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданындағы 49 мектептің жалақы қорынан 583 млн теңгеден астам қаржы жымқыру ісі бойынша 14 адам үш жылдан жеті жылға дейін сотталды. Залал толық өтелген.

Түркістан қаласындағы Еңбек мобильділігі орталығына қатысты істе 78 адамды жалған жұмысқа орналастыру арқылы 49 млн теңгеден астам қаражат иемденілген. Сот бес адамға жаза тағайындаған.

Ал Сарыағаш ауданындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтер үшін 13,3 млн теңге төленгені анықталып, қылмыстық тергеу басталған. Дәл осы ауданның білім беру ұйымдарында да жұмыс орнында болмаған қызметкерлерге төленген 15 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.

Жер қатынастары саласында да жемқорлық фактісі сотта дәлелденді. Биылғы қазанда Сайрам ауданы әкімінің орынбасары мен жер қатынастары бөлімінің басшысы пара алу және пара беруге оқталу эпизодтары бойынша кінәлі деп танылып, ірі көлемде айыппұлға кесілді. Екеуі де мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Жалпы, жарияланған алты бағыттағы істердің қаржылық көлемін жинақтасақ, шамамен 2,09 млрд теңге шығады. Бұл есепке ветеринариядағы 928 млн, сүт субсидиясындағы 1 млрд-қа жуық, мал шаруашылығындағы 103 млн, Бәйдібектегі 583 млн, жұмыспен қамтудағы 49 млн және әлеуметтік орталықтардағы 13,3 млн теңге кіреді.

Әлбетте, бұл соманы 2026 жылы ғанс ұрланған барлық бюджет қаражаты деп көрсету әділетті болмайтын шығар. Біріншіден, ветеринариядағы операциялар 2022–2025 жылдарды қамтиды. Екіншіден, кейбір істер әлі тергеліп жатыр. Үшіншіден, сот үкімімен дәлелденген залал мен тергеу барысында анықталған күмәнді сомалар бірдей емес.

Сондықтан 2,09 млрд теңгені 2026 жылы жарияланған істер бойынша есептелген қаржылық көлем деп алып отырмыз.

Тоқетерін айтқанда, Түркістан облысындағы жемқорлық фактілерінің анықталуы ең алдымен аймақ басшысының имиджі мен жауапкершілігіне соққы болып тиетіні анық. Ал Түркістан облысын 2025 жылдан бері Нұралхан Көшеров басқарып келеді. Әрине, жарияланған қылмыстық істер бұл мәселеде әкімнің жеке қатысын білдірмейді. Бірақ, облыстық басқармалар мен мемлекеттік кәсіпорындардың жұмысына бақылау жасау атқарушы биліктің міндеті болатын.

Демек, бірнеше салада бюджет қаржысын заңсыз иемдену фактілерінің қайталануы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің және Түркістан облысы әкімдігі бойынша ішкі бақылау жүйесінің тиімділігіне күмән туғызады...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.