Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты тың мәліметтер белгілі болды. КТК телеарнасының тілшілері оқиғаға байланысты ауыл тұрғындары және отбасының жақын туыстарымен сөйлескен, деп хабарлайды kznews.kz.
Ауылдастарының айтуынша, жоғалып кеткен жандар өте қарапайым, ешкімге зияны жоқ адамдар болған.
"Өте жуас, өз еңбегімен күн көріп жүрген жандар еді. Екі зейнеткер, балаларының екеуі де мүгедек. Көршілердің ешқайсысы күмәнді жағдайды байқамады. Біз олардың жоғалғанын тек туыстары полицияға арыз бергеннен кейін ғана білдік. Қазір ешкім олардың қайда екенін білмейді", – дейді көршісі Үсен Жолдасұлы.

Бастапқыда отбасының жақындары да не болып жатқанын түсіне алмаған. Себебі жоғалған отбасының ұлы біраз уақыт байланысқа шығып тұрған.
"Желіде "неге бірден іздемедіңдер?" деп жазып жатқандар бар. Бірақ жиеніміз Наурыз бізге WhatsApp арқылы хат жазып тұрды. "Анам ауырып қалды, сондықтан малды сатайын деп жатырмын" деді. Ауылдастарға мал ұсынып, сатып алуға шақырды. Бірақ ол ешқашан дауыстық хабарлама жібермеді, бейнеқоңырауға да шықпады. Тек мәтінмен жазды. "Мынадай мал бар, алып кетіңіздер, маған ақша өте қажет" деп хабарласты", – дейді туысы Шалқар Мұқанғалиев.

Ал үй иесінің қарындасы Фаризат Кенжеғалиеваның айтуынша, отбасының бүкіл малын жаппай сата бастауы оны күмәндандырған.
"Ағам ешқашан ұзақ уақытқа кетпейтін. Малын қараусыз қалдырмайтын, бір жаққа шығатын болса, міндетті түрде ескертетін. 14 желтоқсанда-ақ бірдеңе дұрыс емес екенін сездім. Оған дейін ештеңеден хабарым болмады, себебі ұлы "анамды емдетуге алып кеттім" деп айтқан еді", – дейді ол.

6 қаңтар күні кешке полиция екі айдан бері іздестіріліп жатқан ерлі-зайыптының мәйіті табылғанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың денесі үй маңындағы қорадан анықталған. Қазіргі таңда зейнеткерлердің екі баласын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
"Іздестіру жұмыстары Шадыман-түбек, Бесмола, Бірмола аумақтарында, 20 шақырым радиуста жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ полицияның тапсырмасымен Қарасу аймағы да тексерілуде. Бұл жерде сүңгуірлер мен суасты дроны тартылған", – деді Атырау облысы ТЖД басқарма басшысы Жанторе Демешов.
Телеарнаның мәліметінше, 5 қараша күні жоғалған ерлі-зайыптының тағы бір қызы таксимен үйден шығып кеткен. Ол бөлек тұрған. Кейін оны Индер ауданындағы жанармай құю бекетінде бейнекамералар тіркеген. Ал зейнеткерлердің екінші қызы күйеуімен бірге Өзбекстанға кеткені белгілі болды.
Сонымен қатар, жоғалған отбасы отағасының ұялы телефоны кейде қосылады, алайда қоңырауларға ешкім жауап бермейді.
Еске салайық, отбасы былтырғы қазан айында із-түзсіз жоғалған. Туыстары полицияға тек 25 желтоқсанда арыз түсірген. Қылмыстық іс "Адам өлтіру" бабы бойынша қозғалды.