Жаңалықтар

"Зейнетақыларын шешіп алған": Атырауда жоғалған отбасының мүшелері төртеу емес, алтау боп шықты (ФОТО)

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Зейнетақыларын шешіп алған": Атырауда жоғалған отбасының мүшелері төртеу емес, алтау боп шықты (ФОТО)
ашық дереккөзден

Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен отбасыға қатысты тың мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында жазып, оқиғаның ауқымы бұрын айтылғаннан әлдеқайда кең екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Журналистің дерегінше, бастапқыда жоғалғандар саны төртеу деп айтылса, шын мәнінде ұшты-күйлі кеткендер алты адам болуы мүмкін. Отбасының жалғыз ұлы Наурыз жаздың басында "Ақтаудан жұмыс таптым" деп үйден шығып, содан бері хабарсыз кеткен. Туыстарының айтуынша, оның WhatsApp желісі жуырда ғана белсенді болған. Алайда полиция мессенджердің телефоннан емес, компьютерден қосылғанын айтып, нақты мекенжайды анықтау қиынға соққанын жеткізген.

"Қарашаның басында "дәрігерге қаралып келеміз" деп сыбыс таратқан отбасы сол күйі үйге қайта оралмаған. Үйлері жинақы, бәрі орнында. Малы қорада, тоңазытқыштағы сүт-майлары сақтаулы тұр. Мақсот ағамыздың 2 қызының  үлкені Мирамгүл өздерімен бірге ұшты-күйлі жоқ, екінші қызы тұрмыста басқа ауылда тұрады. "Ақбаян да күйеуі Сұлтанмен бірге 5-ші қараша жолға шығып, сол күйі үйіне оралмаған. Екеуінің 5 баласын күнде есікке елеңдеп енесі қарап отыр" дейді Әсилә. Жоғалған отбасының екеуі зейнеткер, екеуі мүгедектік жәрдемақы алады. Ең қызығы, қараша-желтоқсан айларындағы пенсияларын төртеуі түгел шешіп алыпты. Ауладағы азын-аулақ малдары да Наурыздың ватсабы арқылы саудаланған. Сонда тұтастай бір әулеттің 6 адамы қайда кетті? Жоғалудың басы 6 ай бұрын басталғанымен полиция іздестіруді  29.12.2025 жариялады. Не болса да ел ішінде, аман болса екен", – деп жазды журналист.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz