Қытай мысты «тегін» өңдеп берсе, Қазақстанға өз зауытын салудың қажеті қанша? Экономист Айдархан Құсаинов мұндай есептің ар жағында ескерілмей қалған пайда да, елдің ұзақ мерзімді мүддесі де бар деп санайды. Оның пікірінше, жаңа зауыттарға қаржыны жеке кәсіп құюы керек, ал мемлекет өңдеу ақысын реттеп, инвестиция салуға жағдай жасауға тиіс, деп хабарлайды kznews.kz.
Әңгіме Қазақстанда талқыланып жатқан екі мыс балқыту зауыты туралы. Әрқайсысының жылдық қуаты — 300 мың тонна катодты мыс, екеуін қосқанда — 600 мың тонна.
Құсаинов Facebook-тегі жазбасында бұл жобалар жайлы оқырманы айтқаннан кейін ізденіп көргенін, осы бағытта қозғалыс барын құптайтынын жеткізді. Ендігі түйін, оның пайымдауынша, құрылысты кім қаржыландыратынында және концентратты өңдеу ақысының қалай белгіленетінінде.
Оқырманы Қытайда жедел мәмілелер нарығында бір тонна металды өңдеу құны кейде 0 долларға дейін түсетінін мысалға келтірген. Экономист бұл көрсеткішті Қазақстан үшін өлшем етуге қарсы.
Біріншіден, «тегін өңдеу» дегеннің өз есебі бар. Концентраттан негізгі металмен бірге өзге де пайдалы құрамдастар алынады. Құсаиновтың түсіндіруінше, өңдеуші негізгі металды иесіне қайтарып, қалғанын өзіне қалдырса, қызмет ақысын нөл деп көрсетуі мүмкін. Яғни ақысын ақшамен алмағанымен, қосымша өнімнен пайда табады.
Екіншіден, тасымал шығынын ескеру керек. Бір тонна металды концентрат құрамында жеткізу дайын металдың бір тоннасын тасудан қымбатқа түседі, дейді экономист. Сондықтан өңдеу тарифін есептегенде осы айырма да назардан тыс қалмауға тиіс.
Үшіншіден, шетелдегі зауыттардың артық қуаты бағаны уақытша төмендетуге мүмкіндік береді. Бірақ Құсаинов Қазақстан өз өндірісінің болашағын бәсекелестердің осындай баға саясатына байлап қоймауы керек деп есептейді.
Ол қысқа мерзімді нарық бағасына сүйеніп, ұзақ жылға арналған инвестицияны жоспарлауға да күмәнмен қарайды. Мысал ретінде Еуропадағы газ бағасын, жел мен күннен өндірілген электр қуатының, сондай-ақ мұнай бағасының теріс мәнге түскен кездерін атайды. Мұндай құбылмалылық, оның пікірінше, артық өндірістік қуаты бар әрі қысқа мерзімді пайданы көздейтіндерге қолайлы болғанымен, стратегиялық жобаларға кедергі келтіреді.
Экономист үшін мәселе екі зауытпен шектелмейді. Ол өз металлургиясын ел экономикасының стратегиялық тірегі санайды. Жер қойнауындағы металдар мен сирек жер элементтерін мақтан еткенмен, оларды бөліп алып, өңдей алмасақ, өзгенің өндірісін шикізатпен қамтамасыз етуден аса алмаймыз деген ой айтады.
Дегенмен Құсаинов металлургияға артқан үмітін мұнай мен газ өңдеу, мұнай-химия жобаларына қатысты бөлісе бермейді. Оның түсіндіруінше, мұнай және газ өңдеу зауыттары бағасы мемлекет тарапынан реттелетін ішкі нарыққа жұмыс істейді. Қазақстандағы баға көрші елдерден төмен, ал әлемдік бағадан алшақ болғандықтан, айырманың салмағын мұнай өндірушілер көтеріп отыр деп есептейді.
Оның айтуынша, ішкі нарыққа қазірдің өзінде негізінен отандық компаниялар мен үкімет міндеттей алған өндірушілер өнім жеткізеді. Осы жағдайда жаңа зауыт салу солардың мойнындағы жүкті ұлғайтады. Қазір жеткізіп отырғандар көлемді одан әрі арттыра алмайды, ал «Теңізшевройл», Қашаған және Қарашығанақ жобалары қосымша міндеттемелерге қарсылық танытады, дейді Құсаинов. Сондықтан ол алдымен ішкі нарықтың тәртібін едәуір өзгертуді ұсынады.
Металда жағдай басқа: концентрат та, дайын металл да сыртқы нарықта әлемдік бағамен сатылады. Экономист осы салада мемлекет өңдеу тарифін реттеу арқылы қысқа мерзімді баға ауытқуы мен шетелдік өңдеушілердің бағаны әдейі түсіруінен туатын кедергілерді жоя алады деп санайды.
Ал зауыттарға ақшаны кім салады? Құсаинов бірнеше жолды атайды: кен өндірушілер шикізатын өздері тереңірек өңдеуге көшеді, металды тұтынатын кәсіпорындар өзіне қажет өнімді өндіруге қаржы құяды немесе жобаға металлургиялық компаниялар келеді. Қайсысы болса да, қаржы жеке кәсіптен түсуі керек деген ұстанымда.
Мемлекеттің міндеті — өңдеуге инвестиция салуға мүмкіндік беретін ереже мен тариф белгілеу. Нарықты еркін жіберудің өзі де мемлекеттік шешім екенін айтқан экономист оның салдары тиімсіз болса, реттеу тәсілін өзгерту қажет деп есептейді.
Құсаинов энергетиканы еске салады: тарифті ұзақ уақыт төмендетіп, тежеп ұстаудың құнын ел қазір қымбат төлеп жатыр. Металлургияда сол тәжірибені қайталаудың қажеті жоқ деген ой түйеді.