Қазақстан Республикасының Нью-Йорктегі Бас консулдығында әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің мәдениет және өнер саласының өкілдерімен, сондай-ақ АҚШ-та қазақ мәдениеті мен музыкасын насихаттап жүрген ұйымдардың өкілдерімен кездесуі өтті.
Бұл шара — шетелде қазақстандық мәдени бастамаларды қолдау мен халықаралық мәдени байланыстарды кеңейту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Кездесу барысында Қазақстанның музыкалық және мәдени мұрасын әлемдік деңгейде танытуға бағытталған жобалар, сондай-ақ америкалық мәдени институттармен өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Жиында Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени және іскерлік қауымдастығының (Kazakhstan Cultural-Business Association of North America, KCBANA) аймақаралық байланыстар мен мәдени дипломатияны нығайтуға қосып отырған үлесі ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар Филадельфия университетінің музыка профессоры Владимир Денің еңбегі жоғары бағаланды. Ол қазақтың белгілі композиторлары — Қуат Шілдебаев, Ғазиз Жұбанов және Евгений Брусиловскийдің шығармашылығын жүйелі түрде зерттеп, насихаттап келеді. Профессордың бастамалары Қазақстанның мәдени келбетін халықаралық аренада дәріптеуге зор үлес қосып отыр.
Кездесу барысында қатысушылар мәдени ұйымдар, шығармашылық қауым және шетелдегі қазақ диаспорасының өзара байланысын күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Мәдени дипломатияның басты күші — елдер арасындағы сенім мен достықты өнер арқылы нығайту екені тағы да дәлелденді.
Айта кетейік, 2025 жылғы 5 қазанда Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі әйгілі “Madison Square Garden” сахнасында жеке концерт өткізді. Осылайша ол әлемдік деңгейдегі бұл аңыз сахнада жеке концертімен өнер көрсеткен тұңғыш қазақстандық орындаушы атанды.