«Әділет» партиясының фракциясы түнгі уақытта қала көшелерінде заңсыз көлік жарысын ұйымдастыратын жүргізушілерге қатысты шараларды күшейтуді ұсынды. Бұл туралы депутат Кендебай Адамбек Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың сөзінше, азаматтар түнгі уақытта қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты шағым айтып жүр. Қалалардың орталық көшелерінде мотоциклдер мен техникалық өзгерістер енгізілген көліктердің жүргізушілері рұқсат етілмеген жарыстар ұйымдастырып, жылдамдықты асырады, пиротехника қолданады және тұрғын үйлердің маңында әдейі қатты шу шығарады.
Кендебай Адамбек бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзумен ғана шектелмейтінін, тұрғындардың қауіпсіздігі мен түнгі тыныштығына да қатысты екенін атап өтті.
Депутат мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу үшін бірнеше шара ұсынды.
Біріншіден, фото және бейнетіркеу жүйелеріне акустикалық құрылғылар мен шу өлшейтін құралдарды біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды. Бұл көліктер шығаратын шудың деңгейін автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік бермек.
Екіншіден, заңсыз түнгі жарыстардың жолын кесу үшін тұрақты түрде бірлескен патрульдік экипаждар құру қажет деп санайды. Олар түнгі уақытта көлік жарыстарын тоқтатып, көліктердегі заңсыз техникалық өзгерістерді, соның ішінде шығару жүйесіне енгізілген өзгерістерді тексеруі тиіс.
Үшіншіден, заңсыз техникалық өзгерістер анықталған жағдайда көлікті арнайы тұраққа қойып, оны заң талаптарына толық сәйкестендіргенге дейін ұстап тұру ұсынылды.
Төртіншіден, депутат түнгі тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жауапкершіліктің азаматтардың қалыпты өміріне келтірілген зиянға сәйкестігін қайта қарауды сұрады. Қазіргі таңда мұндай құқық бұзушылық үшін 5 АЕК мөлшерінде, яғни 21 625 теңге айыппұл қарастырылған.
Бесіншіден, түнгі уақытта жолдағы тәртіпті әдейі және ашық түрде бұзатын әрекеттерді ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеу ұсынылды. Депутат мұндай жағдайда құқық бұзушылықтың белгілерін және оны дәлелдеу тәртібін нақтылау қажет екенін айтты.
Осы ұсыныстарды жүзеге асыру арқылы түнгі уақытта көлік жарыстарын, шамадан тыс шуды және қоғамдық тәртіпті бұзатын басқа да әрекеттерді ерте анықтап, олардың алдын алу көзделіп отыр.