KZNEWS.KZ
Мәдениет

«Даланың Леонардо да Винчиі»: Шоқан Уәлиханов туралы шетелдік ғалымдар не дейді?

• Асқар Алтайұлы
Фото: Ұйымдастыру комитеті

Жиында шетелдік ғалымдар қазақтың ұлы зерттеушісін Леонардо да Винчиге теңесе, отандық мамандар оның әлі де толық зерттелмеген қырларына назар аударды, деп хабарлайды kznews.kz.

5 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында «Шоқан Уәлиханов феномені: Ұлы даланың зияткерлік мұрасы жаһандық контексте» атты халықаралық форум ұйымдастырылды. Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай өткен жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, тарихшылар, зерттеушілер, мәдениет және медиа өкілдері қатысты.

Форумды Ұлттық ғылым академиясы мен Almaty Management University (AlmaU) бірлесіп, Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Іс-шарада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды. Министр тарихи мұраны заманауи ғылыми жетістіктермен сабақтастырудың және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті.

Ал Ұлттық ғылым академиясының президенті Ахылбек Күрішбаевтың құттықтау сөзін Академияның вице-президенті Абай Серікқанов жеткізді. Академия басшысы Шоқан мұрасын зерттеу тек тарихи тұлғаны дәріптеумен шектелмеуі керектігін айтты.

«Шоқан мұрасына деген қызығушылық жүйелі ғылыми ізденіске ұласқанда ғана оның мол танымдық және ғылыми әлеуеті жан-жақты ашыла түседі», – делінген Ахылбек Күрішбаевтың құттықтауында.

Академия президенті ғалымның архив құжаттары мен қолжазбаларын ғылыми айналымға енгізу, халықаралық бірлескен зерттеулерді кеңейту және тарихи деректерді цифрландыру қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерде пайдаланғанда деректердің дәлдігі мен зерттеушілердің жауапкершілігі басты орында болуы тиіс екенін атап өтті.

AlmaU университетінің президенті әрі негізін қалаушысы Асылбек Қожахметов Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы бүгінгі Қазақстанның интеллектуалдық дамуы үшін де маңызды екенін айтты.

«Шоқан Уәлихановтың мұрасы – Қазақстанның интеллектуалдық тарихының маңызды бөлігі және бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ», – деді Асылбек Қожахметов.

Оның айтуынша, осы мұраны терең зерттеп, кеңінен насихаттау мақсатында AlmaU жанынан «Ұлы Дала Академиясы» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған. Орталық Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасын зерделеуге және зерттеушілердің басын біріктіруге бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді.

Жиындағы ерекше пікірлердің бірін профессор, Халықаралық шығармашылық академиясының бірінші вице-президенті Майрам Акаева айтты. Ол Шоқан Уәлихановты «даланың Леонардо да Винчиі» деп атап, ғалымның жан-жақты ғылыми дарыны мен зияткерлік әлеуетіне жоғары баға берді.

Ал белгілі экономист, Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев Шоқанның көпшілік біле бермейтін суретшілік қырына тоқталды. Оның айтуынша, Уәлиханов тек ғалым әрі ағартушы емес, XIX ғасырдағы Орталық Азияның тарихи-мәдени келбетін қағазға түсірген талантты суретші-график болған.

«Оның көркем мұрасы қазақ бейнелеу өнерінің бастауында тұрған құнды мұралардың бірі ретінде терең әрі жан-жақты зерттеуді қажет етеді», – деді Жақсыбек Күлекеев.

Британдық жазушы әрі Орталық Азияны зерттеуші Ник Филдинг те Шоқан еңбектерінің XXI ғасырдағы маңызына тоқталды. Ол ғалымның ғылыми объективтілікке, әлеуметтік жауапкершілікке және мәдениетаралық диалогқа негізделген ұстанымдары бүгінгі зерттеушілер үшін де үлгі екенін атап өтті.

Форумда Шоқан мұрасын заманауи технологиялар арқылы жаңғырту мәселесі де көтерілді. Журналист әрі режиссер Майя Бекбаева «Шоқан» атты жаңа деректі фильмі туралы әңгімелесе, продюсер Самат Әлім «Шоқан. Қашғарияға саяхат» анимациялық жобасын әзірлеу тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар тарихи тұлғаның өмірін кино, анимация және цифрлық платформалар арқылы жаңа буынға таныстыру жолдарын талқылады.

Сонымен қатар «Shoqan AI: Ғалым мұрасына жаңа көзқарас» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға еліміздің әр өңірінен 96 қатысушы жасанды интеллект көмегімен әзірлеген 90 бейнежұмыс ұсынған.

Айта кетейік, II халықаралық Shoqan Forum 6 қарашада Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Шанханай ауылындағы Шоқан Уәлиханов мемориалдық кешенінде жалғасады. Форумның көшпелі бөлігінде ұлы ғалымның тарихи мұрасын сақтау және оны келешек ұрпаққа таныту мәселелеріне назар аударылады.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →