KZNews.kz
Спорт

Чемпиондар лигасында «Қайрат» Миланда «Интерден» жеңілді

Айжан Сыланова
Фото: “Қайрат” футбол клубы

Чемпиондар лигасы: «Қайрат» Миланда «Интерге» қарсы тартысты ойын өткізді, алайда 2:1 есебімен жеңілді, деп хабарлайды kznews.kz.

Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінің төртінші турында алматылық «Қайрат» Италияның «Интерімен» Миландағы әйгілі «Джузеппе Меацца» стадионында кездесті. Қарсыласу тартысты өтті, дегенмен ойын 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алғашқы таймда миландықтар ойынның қарқынын өз қолында ұстап, үзіліске дейін басымдыққа қол жеткізді. Команда капитаны Лаутаро Мартинес 45-минутта дәл соққымен есеп ашты.

Екінші таймда «Қайрат» өз ойынына сенімді түрде кірісті. Команда капитаны Офри Арад 55-минутта қарсы қақпаны дәл нысанаға алып, есепті теңестірді. Айта кетейік, бұл гол – «Интердің» Чемпиондар лигасындағы биылғы маусымда жіберген алғашқы добы болды.

Алайда 67-минутта Карлос Аугусто бұрыштама добын дәл аяқтап, италиялық клубқа қайта басымдық әкелді. Қалған уақыт ішінде қос команда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, есеп өзгерген жоқ.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →