Бұрынғы вице-министр Ақмади Сарбасовқа сот үкімі шықты. Ол пара алғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша ақталды, деп хабарлайды kznews.kz
Үкімді бүгін Алматы қаласының Алмалы аудандық соты жариялады.
Сотталғандар қандай жаза арқалады?
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның экс-басшысы Руслан Омаров 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот оларды бірнеше бап бойынша, соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен зиянды бағдарламаларды пайдалануға қатысты айыптар бойынша кінәлі деп таныды. Алайда кейбір айыптар бойынша ақтады.
Орталықтың тағы екі қызметкері – Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны үшін, яғни Қылмыстық кодекстің 210-бабы 2-бөлігінің 1, 2 және 3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға сотталды. Алайда рақымшылық жасау туралы заңның қолданылуына байланысты олардың жазасы 2 жылға қысқарды.
Омаров пен Арғандықовқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды. Ал Болатбаев пен Дошимовқа бір жыл бойы ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге шектеу қойылды. Екеуі де сот залында қамауға алынды.
Сотталған бес адамның барлығы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сот 75 мың доллар, яғни 39 миллион теңгені мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.
2 миллиард теңгеге қатысты арыз бойынша сот қандай шешім қабылдады?
Сот 2 миллиард теңгеден асатын болжамды шығынды өтеу мәселесін де қарады. Алайда бұл қаражатты қылмыстық іс аясында өндіріп алу туралы шешім қабылдамады.
Судьяның түсіндіруінше, аталған сома тікелей келтірілген залал емес, мемлекеттік орталықтың ала алмаған табысы, яғни жіберіп алған пайдасы болып саналады.
Қылмыстық-процестік кодексінің 166-бабына сәйкес, қылмыстық іс аясында қылмыс салдарынан тікелей келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талаптар қаралады. Ал алынбай қалған пайданы өндіріп алу туралы талаптар бұл тәртіппен қаралмайды. Сондықтан сот жәбірленуші тараптың өкіліне 2 миллиард теңгеден астам қаражатты өндіріп алу туралы талаппен азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде жеке жүгінуге құқылы екенін түсіндірді.
Істің мән-жайы
Ақмади Сарбасов бес жылға жуық уақыт Еңбек вице-министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2025 жылдың сәуірінде ол Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарды. Алайда бірнеше айдан кейін тергеуге алынды.
Еске салайық, 28 маусымда Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында кезекті 75 мың доллар (шамамен 35 миллион теңге) пара беру кезінде Бірінші кредиттік бюро бас директоры Руслан Омаров, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы басшысы Ақмәди Сарбасов, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықовты ұстады. Бірінші кредиттік бюро басшылығы қазақстандықтардың жеке дерегін алу үшін еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшылығына жүйелі түрде пара бергені анықталды.
Күдіктілердің үйін тінту барысында 370 мың доллар (191 миллион теңге) және 4,5 млн теңге тәркіленді. 30 маусымда сот санкциясымен үш күдікті 2 айға қамауға алынды.