Алматының Алмалы аудандық соты 11 қарашада Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы келісімге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұрынғы Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Руслан Омаров пен бұрынғы вице-министр Даулет Арғандықов 7 жыл 6 айға сотталды. Ал бұрынғы бірінші вице-министр Ақмади Сарбасов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Іс бойынша тағы екі адам – Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов 3 жылға сотталды. Алайда рақымшылыққа байланысты олардың жазасы 2 жылға қысқартылды.
Сотталғандардың барлығы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Істің мәні неде?
Қаржылық мониторинг агенттігінің нұсқасы бойынша, 2020 жылы Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы келісім өзгертілген. Соның нәтижесінде мемлекеттік орталықтың табыстағы үлесі 75 пайыздан 65 пайызға азайып, жеке бюроның үлесі 25 пайыздан 35 пайызға артқан.
Тергеу мәліметінше, осы өзгерістер салдарынан мемлекетке 2 миллиард теңгеден астам шығын келген. Сонымен қатар тергеу жеке бюроға тиімді жағдай жасау үшін Мемлекеттік кредиттік бюроның сұраныстарын әдейі баяулататын бағдарлама қолданылғанын анықтаған.
Тағы бір эпизодта 75 мың доллар көлемінде пара беру туралы айтылған.
Алайда айыпталушылар тағылған айыптарды мойындамаған. Қорғау тарапы келтірілген шығынның есебіне және пара беру туралы дәлелдерге күмән келтірген.