Алматы қаласындағы №159 гимназия директоры ата-аналардың шағымынан кейін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Мәселе бітіру кешіне әр оқушыдан 200 мың теңгеден ақша жиналып жатқаны туралы ата-аналардың наразылығынан кейін туындаған. Бұл туралы оқушылардың бірінің анасы видеоүндеу жасап, шу көтерген.
Аталған шағымды қараған Оқу-ағарту министрлігі мектеп тарапынан заңсыз ақша жинау фактісі расталмағанын мәлімдеді.
Қалалық білім басқармасы жүргізген тексеріс нәтижесінде қаражат жинау бастамасы ата-аналардың бір тобы тарапынан бейресми чаттарда көтерілгені анықталған.
Соған қарамастан, білім басқармасы мектеп әкімшілігі мен аудандық білім бөлімінің бақылауды әлсіреткенін атап өтті.
«Мектеп әкімшілігі мен аудандық білім бөлімі заңсыз ақша жинауға жол бермеу бойынша тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген. Осыған байланысты мекеме басшысы қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің басшысы да ведомстволық аумақта профилактикалық жұмыстарды жеткіліксіз жүргізгені үшін тәртіптік жаза алды.
Білім басқармасы ата-аналар комитеттері арқылы да заңсыз ақша жинауға жол берілмеуі тиіс екенін еске салды.