Әлеуметтік желіде әнші Ұланғасыр Қамидің балалық шағына қатысты түрлі болжам тарап, көпшіліктің талқысына түсті. Бұған өнер иесінің «Қызыл раушан» фильміндегі рөлі себеп болған, деп хабарлайды kznews.kz.
«Қызыл раушан» киносынан шықтық. Шоктың үстіне шок. Сонда Ұланғасыр Қами бала кезінде зорланған болып тұр ғой. Бәсе, өзі де біртүрлі еді», – деп жазды желі қолданушысы.
Аталған жазба көпшілік назарын аударған соң, әншінің өзі де жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ұланғасыр Қами фильмде осындай ауыр жағдайды бастан өткерген кейіпкердің бейнесін сомдағанын, алайда экрандағы оқиғаны өзінің өмірбаянымен байланыстыруға болмайтынын аңғартты.
Өнер иесі көрермендердің фильмдегі рөліне қарап, оның жеке өмірі туралы қорытынды жасауына қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ ол комедиялық жобаларға қарағанда драмалық туындыларға көрермен тарту қиынырақ екенін айтып, «Қызыл раушан» фильміне қатысты пікірлерге тоқталды.
«Желіде „Ұланғасыр Қами бала кезінде зорланған ба?“ деген қауесет тарап жатыр екен. Мұны фильмге барған адам жазыпты. Әнші болып жүргенде той әндерін неге шығара береді деп еді. Фильмде де солай екен. Комедия түсіре берсең, қарайды, ал драма түсірсең, бармайды. „Қызыл раушанды“ да менсінбей жатыр, бірақ фильмді көрген адамдар қатты әсерленуде», – деді ол.
Әншінің сөзінше, фильмде аталған оқиғаға тап болған кейіпкерді сомдағанымен, өзі басты рөлді орындамаған. Сондықтан көрермендердің арасында түсінбеушілік туындауы мүмкін екенін жеткізді. Ол жұртшылықты қауесетке сеніп, асығыс қорытынды жасамай, фильмді өздері көріп, оқиғаға қатысты пікір қалыптастыруға шақырды.
«Ал әлгі әңгімеге келсек, иә, мен сондай образды сомдап шықтым. Басты рөлде ойнаған жоқпын, сондықтан күмән туындауы мүмкін. Мұны түсіну үшін киноға барыңыздар. Өз ойларыңызбен бөлісіңіздерші», – деп түйіндеді Ұланғасыр Қами.