Журналист Гүлмира Әбіқай Instagram-парақшасында Атырау облысында жоғалып кеткен отбасыға қатысты тың мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналистің мәліметінше, оған отбасы отағасы Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әсилә хабарласып, бұған дейін айтылған ақпаратты нақтылаған. Оның сөзінше, із-түзсіз кеткендер төрт адам емес, алты адам болған.
«Алдымен жалғыз ұлы Наурыз “Ақтаудан жұмыс таптым” деп кетіп, байланыссыз қалған. Кейін “дәрігерге барып келеміз” деген отбасы мүшелері де хабарсыз жоғалды. Үй іші жинаулы күйінде қалған, мал қорада, азық-түлік орнында тұр», — деп жазды Гүлмира Әбіқай.
Сондай-ақ жоғалғандардың екеуі зейнет жасындағы азаматтар, ал екеуі мүгедектік бойынша жәрдемақы алып отырғаны анықталған. Қараша мен желтоқсан айларындағы зейнетақы толық көлемде шешіліп алынғаны да белгілі болды.
«Бір әулеттің алты адамы бірдей қайда жоғалды? Бұл жағдай шамамен алты ай бұрын басталғанымен, полиция ресми іздеуді тек 2025 жылдың 29 желтоқсанында ғана жариялаған», — деп жазды журналист.