Атырау облысында төрт адамның із-түзсіз жоғалу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, 25 желтоқсан күні төрт адамның жоғалғаны туралы хабар түскен бойда құқық қорғау органдары кешенді іздестіру жұмыстарын бастаған. Қазіргі таңда барлық қажетті жедел-іздестіру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
«Аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, екі немесе одан да көп адамның жоғалуы адам өлтіру бабымен сараланады. Осыған байланысты жоғалған отбасы мүшелерінің қайда екені анықталып, оларды табу үшін барлық мүмкіндік пайдаланылуда», – деді Құттыбай Садықов.
Тергеу барысында мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелердің барлығы тексеріліп жатыр. Сонымен қатар жоғалған азаматтардың ұялы телефондарынан Қазақстан аумағында бірнеше мәрте сигнал тіркелгені белгілі болды. Байланыс құралдары қосылып-сөндірілген, ал соңғы сигнал Шымкент қаласы аумағында анықталған.
Іздестіру жұмыстарын үйлестіру үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оған Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері де тартылған.
Бұдан бөлек, аталған отбасының кіші қызы мен күйеу баласының қазіргі уақытта шетелде жүргені анықталды. Дегенмен олардың жоғалуына қатысты туыстарынан ресми арыз түспеген. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары бұл дерек бойынша да тексеру жұмыстарын бастап кеткен.