Алматы облысындағы республикалық маңызы бар тасжолда болған жантүршігерлік жол апатына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға Алматы – Шелек – Қорғас тасжолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Haval автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан Audi жүргізушісі, оның жұбайы және 20 жастағы қызы оқиға орнында көз жұмды.
Көлікте болған тағы үш адам – 19 жастағы қыз, 14 жастағы жасөспірім және 10 айлық сәби түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Марқұмдардың туыстары жол апатына 37 жастағы полиция қызметкері кінәлі деп есептейді. Олардың айтуынша, ол кәсіби мерекеден кейін мас күйде көлік жүргізген болуы мүмкін. Оқиға куәгерлері де Haval жүргізушісінен ішімдік иісі шыққанын алға тартқан.
Алматы облыстық полиция департаменті жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ведомство мәліметінше, Haval жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен. Қазір ол күзетпен ауруханада жатыр, денсаулығы тұрақтанған соң уақытша ұстау изоляторына қамалады.
Қара жамылған отбасының жақындары тергеудің әділ өтіп, кінәлі адамның заң алдында толық жауап беруін талап етуде.