Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров қатысатын беделді турнир қарсаңында Румыния астанасы Бухарестке барғанын көрсетті, деп хабарлайды kznews.kz.
Шахматшы әлеуметтік желідегі парақшасында Синдаровпен бірге түскен видеоны жариялаған.
Grand Chess Tour 2026 турнирінің кезекті кезеңі 12 мамыр күні Бухарестте өтеді. Додаға Фабиано Каруана, Аниш Гири, Алиреза Фирузджа және Уэсли Со секілді әлемнің үздік шахматшылары қатысады.
Әлем чемпиондығына үміткерлер турнирінің жеңімпазы атанған Жавохир Синдаров бұл Grand Chess Tour сериясына алғаш рет шақырту алған. Турнирдің жалпы жүлде қоры 475 мың долларды құрайды.
Ал Бибісара Асаубаева бұл жарысқа қатыспайды. Осыған байланысты желі қолданушылары оның Бухарестке жақын досын қолдау үшін барғанын жазуда. Қазір екеуі Румыния астанасын бірге аралап жүргені байқалады.
Айта кетейік, Бибісара қатысатын келесі ірі жарыс – Norway Chess Women 2026 мамыр айының соңында басталады.