Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева дайындыққа кететін көпмиллиондық шығындар туралы айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
2025 жылдың соңында Бибісара Асаубаева блиц-шахматтан әлем чемпионы атағын тағы бір мәрте жеңіп алып, осы дисциплинада үш дүркін чемпион атанған Қазақстандағы алғашқы шахматшы ретінде тарихқа енді.
Мұндай нәтижеге жету үшін сапалы дайындық пен мықты бапкерлер қажет. Спортшының айтуынша, ол жыл сайын бапкерімен 10 күннен тұратын алты оқу-жаттығу жиынын өткізеді.
«Шахмат әлемінен алыс адамдар бұл спортты арзан деп ойлайды. Бізде теннис, гольф немесе бокстағыдай қомақты жүлде қоры жоқ. Бірақ соған қарамастан шығындар өте жоғары. Менің жеке бапкерім күніне 1000 еуро алады. Бұған қоса ұшақ билеті, тұру шығындары және басқа да шығыстар есептелмейді», – деді Бибісара Асаубаева.
Осылайша, тек бір бапкердің өзіне жылына шамамен 60 мың еуро, яғни 35,2 миллион теңге жұмсалады.
Сонымен қатар спортшының командасында барлығы 11 адам бар. Олардың қатарында негізгі бапкерлер, спарринг-серіктестер, дебют, эндшпиль және миттельшпиль бойынша мамандар бар.
«Барлығы сенің деңгейіңе байланысты. Мен Үміткерлер турниріне шыққандықтан, дайындық әлдеқайда күрделі. Онда әдеттегі турнирлерде байқалмай қалатын ұсақ-түйекке дейін ескеру қажет. Қазір менің командамда 11 адам бар. Олардың әрқайсысы өз үлесін қосады, сондықтан шығын көлемі де айтарлықтай», – деді шахматшы.
Айта кетейік, блицтен әлем чемпионатындағы жеңіс Бибісара Асаубаеваға 28 наурыз – 16 сәуір аралығында өтетін Үміткерлер турниріне жолдама алуға мүмкіндік берді.
Бұл турнирдің жеңімпазы классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін таласу құқығына ие болады. Қазіргі таңда шахмат тәжінің иегері – қытайлық спортшы Цзюй Вэньцзюнь.