Бетперде киіп, көпшілікке жария болмай қайырымдылық жасап жүрген жігіт бұл жолы мұқтаж отбасының баспаналы болуына себепкер болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Желіде тараған бейнежазбада қайырымды азамат 49 жастағы Нағима есімді ананың үйіне келеді. Әйел екі ерекше баланы тәрбиелеп отыр. Күйеуі ІІІ топ мүгедегі, естімейді әрі сөйлемейді. Отбасы қазір жалдамалы пәтерде күн көріп жүр.
Нағиманың айтуынша, өзі де қант диабетімен ауырады, күнкөріс үшін әр жерде жалданып жұмыс істейді. Бұған қоса, дайындаған банкілерін мешітке, жәрмеңкелерге шығарып сатып, отбасын асырауға тырысады. «Өмірдегі ең қиын сәтім – екі балам судорог болып, ауруханаға түскені. Сол кезде дастарқанға отырып, шай ішу арман болды», – дейді ол. Сондай-ақ қызының да түрлі ауыр кезеңдерден өткенін, тіпті жақында ғана дұға етіп, көмек сұрағанын жеткізген.
Бетперде таққан жігіт отбасының қазіргі жағдайына бейжай қарамай, пәтер сыйлаған. Сонымен бірге кәсіп бастауға және ем алуға қажет қаражат ұсынып, нақты қолдау білдірген. Мұндай күтпеген жақсылықты көрген отбасы мүшелері қуаныштан көз жасына ерік берді.