Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне кіріскен 2019 жылдан бері ел экономикасы бірнеше күрделі кезеңнен өтті. COVID-19 пандемиясы, геосаяси тұрақсыздық, әлемдік нарықтағы құбылмалылық пен сыртқы экономикалық қысым Қазақстанның даму қарқынына да әсер етті. Соған қарамастан, осы жеті жылда бірқатар негізгі экономикалық көрсеткіште өсім байқалды.
Экономика ғылымдарының кандидаты, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық директоры Бақытгүл Қамбар 2019 жылдан бергі көрсеткіштерді салыстырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі кезеңінде ел экономикасында болған негізгі өзгерістерге тоқталды деп хабарлайды kznews.kz.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан экономикасының сыртқы нарықтармен тығыз байланысы жаһандық өзгерістердің ел ішіндегі жағдайға жылдам әсер етуіне себеп болады. Әсіресе пандемия жылдары мен кейінгі геосаяси ахуал экономикалық өсім үшін елеулі сынақ болды. Дегенмен ұзақ мерзімді көрсеткіштерге қарағанда, экономика кейін қайта өсу траекториясына шыққан.

– Соңғы жеті жылдағы маңызды көрсеткіштердің бірі – жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің өсуі. Осы уақыт аралығында бұл көрсеткіш 2,3 есеге ұлғайып, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 1 млн 661,6 мың теңгеге жетті. Бұл жерде тек номиналды өсімді ғана емес, жан басына шаққандағы нақты ЖІӨ динамикасын да ескеру қажет. 2019 жылы оның деңгейі 2005 жылмен салыстырғанда 161,6% болған еді. Пандемия және басқа да сыртқы факторлардың ықпалынан 2022 жылы көрсеткіш 159,8%-ға дейін төмендеді. Алайда кейін экономика қалпына келе бастады және 2025 жылы бұл көрсеткіш 181,1%-ға жетті. Яғни күрделі сыртқы жағдайға қарамастан, жан басына шаққандағы экономикалық өсім қайта жанданды. Бұл ел экономикасының жалпы көлемінің кеңейіп келе жатқанын көрсететін маңызды индикаторлардың бірі, – дейді Бақытгүл Қамбар.
Президент Тоқаевтың экономикалық саясатындағы негізгі бағыттардың бірі – экономиканы әртараптандыру және шикізатқа тәуелділікті азайту. Осы тұрғыдан алғанда, өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің өзгеруі маңызды көрсеткіштердің бірі саналады.
2019 жылдың бірінші тоқсанында өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 11,8% болса, 2025 жылдың қорытындысында 12,8%-ға жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 14%-ды құрады.
Өңдеу саласының үлесі артқанымен, экономиканы сапалық тұрғыдан әртараптандыру мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сарапшының пікірінше, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – шикізаттық емес секторлардың экономикадағы салмағын одан әрі арттыру.
Соңғы жеті жылдағы экономикалық өзгерістер халық санының айтарлықтай өсуімен қатар жүрді. 2012–2019 жылдары Қазақстан халқы 1 млн 720 мың 999 адамға көбейсе, 2019-2026 жылдар аралығында өсім 2 млн 105 мың 180 адамды құрады.
Бақытгүл Қамбардың пікірінше, халық саны осындай қарқынмен көбейіп жатқан кезде жан басына шаққандағы экономикалық көрсеткіштердің де өсуі ерекше назар аударуға тұрарлық.
– Халық санының қарқынды өсуі экономикаға қосымша жүктеме ғана емес, оның даму деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін маңызды фактор. Егер тұрғындар саны артып, сонымен бірге жан басына шаққандағы экономикалық көрсеткіштер де жоғарыласа, бұл экономиканың жалпы көлемі халық өсімінен қалыспай отырғанын аңғартады. Қазақстанда соңғы жеті жылда дәл осындай үрдіс байқалды. Бұл кезеңде халық саны 2,1 миллионнан астам адамға көбейді. Соған қарамастан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім де өсті. Сондықтан экономикалық динамиканы бағалағанда тек ЖІӨ-нің жалпы көлеміне қарау жеткіліксіз. Демографиялық өзгерістер мен жан басына шаққандағы көрсеткіштерді қатар қарастырған жөн. Осы екі фактордың қатар өсуі ел экономикасының ауқымы кеңейгенін көрсетеді, – дейді сарапшы.
2019 жылдан бергі кезеңдегі тағы бір маңызды өзгеріс халық табысының динамикасынан байқалады. 2019 жылы Қазақстандағы орташа айлық жалақы 185 487 теңге болса, 2025 жылдың қорытындысында 443 315 теңгеге жеткен. Яғни жеті жыл ішінде орташа жалақы шамамен 2,4 есе өсті.
Медиандық жалақының өсу қарқыны бұдан да жоғары. 2019 жылы оның мөлшері 112 195 теңге болса, 2025 жылы 317 512 теңгеге жетіп, шамамен 2,8 есе артты. Сонымен бірге орташа және медиандық жалақы арасындағы алшақтық қысқарған. 2019 жылы айырмашылық 66% болса, 2025 жылы 39,6%-ға дейін төмендеді.
– Халық табысын бағалағанда орташа жалақымен шектеліп қалуға болмайды. Себебі медиандық жалақы жұмыс істейтін азаматтардың басым бөлігінің нақты табыс деңгейін дәлірек сипаттайды. 2019 жылы орташа жалақы 185 487 теңге болса, медиандық көрсеткіш 112 195 теңгені құрады. 2025 жылдың қорытындысында орташа жалақы 443 315 теңгеге, ал медиандық жалақы 317 512 теңгеге жетті. Яғни жеті жыл ішінде орташа жалақы 2,4 есе, медиандық жалақы 2,8 есе өсті. Бұған қоса, екі көрсеткіш арасындағы айырмашылықтың 66%-дан 39,6%-ға дейін қысқаруы да маңызды. Бұл табыс құрылымындағы өзгерістерді көрсетеді және жалақы динамикасын бағалауда ескеруге тиіс көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар жұмысшылардың бір сағаттағы орташа табысы да осы кезеңде 2,2 есе артқан, – дейді Бақытгүл Қамбар.
Тоқаевтың президенттік кезеңіндегі өзгерістер еңбек нарығынан да байқалады. 2019 жылы бейресми жұмыспен қамтылғандардың үлесі 13,7% болса, 2025 жылдың қорытындысында 10,1%-ға дейін төмендеген. Ал соңғы он жылдық кезеңді алғанда, бейресми жұмыспен қамту деңгейі шамамен екі есе азайған.
Бұл үрдіс еңбек нарығының біртіндеп формалданып келе жатқанын көрсетеді. Ресми жұмыспен қамтудың артуы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жүйесіне қатысуы тұрғысынан да маңызды.
Бақытгүл Қамбардың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болған жеті жылдың экономикалық нәтижесін бір ғана көрсеткішпен бағалау жеткіліксіз. Өйткені бұл кезең Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем экономикасы үшін күрделі сын-қатерлермен тұспа-тұс келді.
– Соңғы жеті жылды бір ғана экономикалық көрсеткіш арқылы бағалау дұрыс болмайды. Бұл аралықта Қазақстан пандемияның салдарын, геосаяси өзгерістерді және әлемдік экономикадағы тұрақсыздықты бастан өткерді. Соған қарамастан жан басына шаққандағы ЖІӨ, халық табысы, өңдеу өнеркәсібінің үлесі және еңбек нарығындағы бірқатар көрсеткіш оң динамика көрсетті. Әсіресе медиандық жалақының өсуі мен бейресми жұмыспен қамтудың төмендеуін атап өткен жөн. Сонымен қатар экономика құрылымын одан әрі әртараптандыру міндеті әлі де күн тәртібінде тұр. Қазіргі нәтижелерді түпкілікті межеге жету деп емес, ұзақ мерзімді өзгерістердің бір кезеңі ретінде қарастырған дұрыс. Өткен жеті жыл еліміздің тұрақты дамуына негіз болатын стратегиялық міндеттердің алға жылжыған кезеңі болды. Ендігі мәселе – осы динамиканы сақтап, оның халықтың өмір сапасына әсерін күшейту, – дейді экономист.