Белсенділер мұндай жағдайды тек интернеттегі хат алмасу емес, балалардың қауіпсіздігіне төнетін нақты қауіп деп бағалайды.
Қазақстанда ересек ер адамдардың жасөспірім қыздарға әлеуметтік желі арқылы хабарласуы қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл туралы «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Қуаныш Алмат «Алаш Орда» подкастында айтты, деп хабарлайды kznews.kz
Қозғалыс өкілінің айтуынша, «124» азаматтық науқаны кезінде соңғы бір жылда Қазақстанның әр өңірінен отызға жуық әлеуетті құқық бұзушы анықталған. Олардың арасында 2-3 баласы бар ер адамдар да болған.
Белсенділер әлеуметтік желіде 11, 12 және 13 жастағы қыздардың атынан аккаунттар ашады. Қуаныш Алматтың айтуынша, олар ересек адамдарға бірінші болып жазбайды және әдейі арандатпайды.
«Біз ешқашан ешкімге өз аккаунттарымыздан бірінші жазбаймыз. Біз ол жерде барынша заң мен тәртіп қағидасын сақтаймыз», – деді Қуаныш Алмат.
Оның айтуынша, мұндай аккаунттарға ересек ер адамдардың өздері хабарласады. Кейін кездесуге келуге келіскен адамдар анықталып, белсенділер оларды полицияға тапсырады.
Астанада екі ер адам кездесуге келген
Қуаныш Алматтың айтуынша, Астанада белсенділер 12 жастағы қыздың атынан әлеуметтік желіде аккаунт ашқан. Оған көп ұзамай ондаған ересек ер адам хабарласқан. Солардың екеуі кездесуге келген.
Белсенділердің мәліметінше, бірінші ер адам – 29 жастағы, екі баланың әкесі. Ол өзін 12 жастағы қыз ретінде таныстырған аккаунтқа интимдік сипаттағы материалдар жіберіп, кейін кездесуге келген. Екінші ер адам да кездесуге келген. Белсенділердің айтуынша, ол қызды «тәрбиелеу» үшін келгенін және оның есейгенін күтетінін айтқан. Ол өз әрекетін «Маған пәк қыз керек» деген сөзбен түсіндірген.
Қуаныш Алматтың айтуынша, мұндай жағдайларда адамның сырттай қандай көрінетініне қарап, оның қауіп төндіруі мүмкін екенін анықтау қиын.
«Әлеуетті педофилдер сырттай бір ерекшеліктері бар адамдар емес. Олар – барлық адам сияқты, қарапайым адамдар. Біз сияқты өмір сүреді, біз сияқты жұмысқа барады, үйде жүреді», – деді ол.
Белсенділердің анықтаған адамдарының арасында отбасы және балалары бар ер адамдар да болған.
«Отбасы бар, екі баласы бар, үш баласы бар ер азаматтарды байқадық жалпы», – деді Қуаныш Алмат.
Кейбір жағдайлар полицияға жеткен
Қуаныш Алматтың сөзінше, науқан барысында анықталған адамдардың кейбірі құқық қорғау органдарына тапсырылған.
Ол Талдықорғанда ұсталған ер адамның балалар порнографиясына қатысты материалдарды заңсыз сақтау және тарату ісі бойынша жауапқа тартылғанын айтты. Ал Ақтауда анықталған тағы бір ер адам 40 күн изоляторда болған.
Белсендінің айтуынша, олардың міндеті – адамның кінәсін анықтау емес, қауіпті болуы мүмкін жағдайдың алдын алып, материалдарды құқық қорғау органдарына жеткізу.
Балалардың қауіпсіздігі – маңызды мақсаттардың бірі
Қуаныш Алмат бұл жұмыстың өзіне де қауіп төндіруі мүмкін екенін түсінетінін айтты. Алайда, ол балалардың қауіпсіздігін маңызды деп есептейді.
«Балалардың қауіпсіздігі, ол мемлекеттегі өте маңызды мақсаттардың бірі. Біз болашақ ұрпағымызға қауіпсіз болашақ жасауымыз керек», – деді ол.
Оның айтуынша, балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларын жасыру мәселені шешпейді.
«Жасыру ол ешқашан мәселені шешпейді. Тек қана сол затты жасап жатқан адамдарға ары қарай батылдық бере береді», – деді Қуаныш Алмат.
Ата-аналарға кеңес
Белсенді ата-аналарға балаларымен көбірек сөйлесіп, олардың өміріне қызығушылық танытуға кеңес берді.
«Ата-аналарға айтатын басты кеңесім, балаларыңызға назар аударыңыздар. Яғни, балаларыңызға көңіл бөліңіздер, олардың өмірлеріне қызығыңыздар. Өмірлеріне байланысты сұрақтар қойыңыздар. Күнің қалай өтті, бүгін не істедің деген сияқты қарапайым сұрақтардан бастау арқылы, балаларыңыздың өміріне қызығып қараңыздар», – деді ол.
Оның сөзінше, бала ата-анасына сеніп, басынан өткен қиын жағдайды ашық айта алуы керек.
«Ал егер бала өзінің ата-анасына сене алмаса, өзінің ата-анасына ашық айта алмаса, онда ол кімге айтады, кімнен қорғанады?» – деді Қуаныш Алмат.
«124» азаматтық науқанының өкілі жұмысты әрі қарай жалғастыратындарын айтты. Оның сөзінше, мақсат – балаларға қауіп төндіруі мүмкін адамдарды анықтау ғана емес, қоғамның балалар қауіпсіздігіне деген көзқарасын өзгерту.