Премьер-министр Олжас Бектенов Сауда министрлігіне «ұйымдасқан топтарды» және нарықтардағы өнімсіз делдалдарды жою мәселелерімен айналысуды тапсырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бектенов Үкіметтің негізгі міндеті инфляциялық қысымды төмендету және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету болып қалатынын атап өтті.
«Маңызды міндет – инфляциялық қысымды төмендету. Наурыз айында инфляция 11%-ға дейін төмендеді. Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын, сондай-ақ макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет. Ең бастысы, маңызды бағыттарда, соның ішінде азық-түлік өнімдерін шығаратын қолданыстағы өндірістерді локализациялау деңгейін арттырып, кеңейту қажет», - деді Премьер-министр Үкімет отырысында.
Олжас Бектенов министрліктерге бірқатар тапсырма берді.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығында өнімділікті ұлғайтып, жылыжай, көкөніс және сүт өндірісін кеңейту, сондай-ақ қайта өңдеу деңгейін тереңдету бағытында қосымша шаралар қабылдасын. Сауда министрлігі көтерме-тарату инфрақұрылымын дамыту, заманауи сақтау және логистика қуаттарын құру жұмыстарын жандандырсын. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін тежеуге тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауды жалғастыру қажет. Сондай-ақ Сауда министрлігі өңірлермен бірлесіп, ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру, делдалдық схемаларды анықтау және цифрландыру арқылы жеткізу тізбектерін қадағалау жұмыстарын күшейтсін», - деді ол.
Премьер-министр сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиевтің назарын көтерме сауда нарықтарындағы жағдайға аударып, шектен тыс баға қосу проблемасын атап өтті.
«Арман Абайұлы, өткен аптада сізге ірі көтерме базарларда тәртіп орнатуды тапсырған болатынмын. Жасыратыны жоқ, ол жерлерде ел айтып жүргендей, «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схемалар деп айтуға болады. Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге осы мәселемен нақты әрі жүйелі түрде айналысыңыз», - деді Олжас Бектенов.
Үйлестірілген тарифтік саясаттың және монополияға қарсы реттеуді күшейтудің маңыздылығы бөлек атап өтілді.
«Тарифтік саясат болжамды әрі инфляцияның мақсатты көрсеткіштеріне сәйкес келуге тиіс. Ұлттық экономика, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері тарифтер мен бензин бағасына мораторийдің аяқталуына байланысты олардың инфляция деңгейіне үлесін жоғарылатпау үшін шаралар қабылдауы қажет. Нарықтарды жүйелі түрде демонополизациялап, азық-түлік, отын, көлік және коммуналдық қызмет нарықтарында монополияға қарсы бақылауды күшейту керек. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және салалық мемлекеттік органдармен бірге аталған бағытта бірлескен жұмысты жалғастыруы қажет», - деп тапсырды Премьер-министр.