Солтүстік өңірге газ жеткізетін желіні "Газпром" салады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Бектенов жаңа қоқыс полигондарын салу жұмысын жеделдетуді тапсырды

Бектенов жаңа қоқыс полигондарын салу жұмысын жеделдетуді тапсырды
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жиында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысы қаралды.

— Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлыққа ұқыпты қарау әр азаматтың басты міндеттерінің бірі ретінде бекітілген. Жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру — ел қызметінің негізгі қағидаты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы Конституцияда белгіленген негізгі қағидат ретінде бірізділікпен жүзеге асырылуда. Біздің осы қағидатты ұстануымыздың жарқын мысалы ретінде экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге қоғамның барлық өкілін, еріктілер мен бизнесті тарту бойынша ауқымды жұмыс болды. Біз табиғатқа ұқыпты қарау және тазалықты сақтау Қазақстанның әрбір азаматы үшін ішкі қажеттілік пен күнделікті өмір нормасына айналғанын қалаймыз, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» аясында елімізде 1 млн-нан астам ағаш отырғызылып, 4 млн-нан астам адамның, оның ішінде 510 мың еріктінің қатысуымен 200-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді. Республика бойынша 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық жиналды және шығарылды. Сондай-ақ115,7 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді.

Жалпы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы бастау алған үш жыл ішінде елді мекендерде 5,6 млн-нан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд-тан астам көшет пен жас шыбық егілді.

Премьер-министр бірқатар өңір әкімдерінің есептерін тыңдады.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жыл басынан бері 900 гектардан астам аумақ тазартылып, 3,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылғанын баяндады. Биыл 30 мың ағаш отырғызу жоспарланса, көктемгі кезеңде 19 мың көшет пен бұта отырғызылды. Өңірде 2027 жылға дейін қағаз және резеңке қалдықтарын қайта өңдеу цехын іске қосу жоспарланып отыр.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің баяндамасына сәйкес, өңірде 332 мыңнан астам ағаш отырғызылды. 3 мыңнан астам экологиялық акция мен сенбілікке 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1,2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 380 тонна қоқыс шығарылды. «Түркістан» экобағы ашылды, қуаттау стансаарымен жабдықталған 33 электр автобус пайдалануға берілді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде 22 мың тоннадан астам қоқыс шығарылғанын баяндады. Облыста Өскемен қаласындағы «Таза Қазақстан», «Қайыңды тоғай», «Жасыл аймақ» және «Таулы Үлбі» секілді ірі экопарктер құрылуда. Жалпы экологиялық акцияларға 330 мыңнан астам адам және 19 мың ерікті қатысты.

Премьер-министр «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бір реттік экологиялық акциялар форматынан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйіне деген жауапкершілігін арттыру және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясатқа айналғанын атап өтті.

— Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың тиімділігі өткізілген іс-шаралар санымен емес, елді мекендердің жағдайының, халықтың экологиялық мәдениеті деңгейінің нақты өзгерістерімен және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланады. Бұған қол жеткізу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді абаттандыру, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу, тиісті инфрақұрылымды, оның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу объектілерін дамытумен байланысты жүйелі жұмыс істеуі қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр:

барлық мемлекеттік органдарға тұжырымдамада көзделген барлық іс-шараның сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуын, сондай-ақ белгіленген нысаналы көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді;

«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы іс-шараларға жастар, волонтерлік ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен бизнестің қатысуын кеңейту арқылы бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында ағымдағы жағдай және қалдықтарды басқару бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Олардың ішінде қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, энергетикалық тұрғыда кәдеге жарату, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын жаңғырту, сондай-ақ энергия үнемдеу және экономиканың энергия тиімділігін арттыру салалары бар.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың баяндамасы тыңдалды:

2025 жылдың қорытындысы бойынша коммуналдық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,7%-ды құрады. 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу 40%, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу 50% болады деп күтілуде;

өткен жылы анықталған 3 828 стихиялық қоқыс орнының 3 629-ы немесе 95%-ы жойылды. Ал осы жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 1 983-тен 585 болды;

кәдеге жарату төлемі есебінен жеңілдетілген қаржыландыру шеңберінде 374 млрд теңгеге 68 жоба мақұлданып, оның 12-сі пайдалануға берілді;

2 755 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық жерлерде алаң бөлу үшін жекелеген рұқсат беру рәсімдері мен экологиялық талаптар жеңілдетілді, жаңа нысандардлың құрылысы кәдеге жарату төлемінен түсетін қаражат есебінен қаржыландырылатын болады;

«Экоқолдау» бағдарламасына 94 компания қосылған. 115 мың тоннадан астам қағаз, шыны, шина мен пластик қайта өңделді, төлем көлемі 3 млрд теңгені құрады. Бөлек-бөлек жинау тәсілін тұрғын үй секторы деңгейінде кеңейту жұмыстарына қоқыс шығаратын компанияларды, МИБ және ПИК-терді қосу пысықталуда.

Талқылауға «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева, «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы Асхат Сүлейменов, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов, «KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина қатысты. Атап айтқанда, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру сапасын, сондай-ақ олардың қоршаған ортаға әсерін бағалау үшін цифрлық құралдар мен ЖИ шешімдерін енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Бұдан басқа, өңірлерге кеңес беру, заманауи технологияларды енгізу және үздік халықаралық тәжірибелерді кеңінен тарату үшін «жасыл» жобаларды сүйемелдеу бойынша үйлестіру жұмыстарын күшейту ұсынылды. Премьер-министр жүргізіліп жатқан жұмыстар өмір сүру сапасын арттыруға және қолайлы экожүйені қалыптастыруға ықпал ете отырып, тұрғындар үшін жайлы орындарды, жаңа тарту нүктелерін құруға тиіс екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысы маңызды экологиялық міндеттердің бірі ретінде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесіне ерекше назар аударады. Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөнінде тұжырымдама бекітілді, тұрмыстық қатты қалдықтарға жаңа полигондар салу үшін қажетті нормативтік актілер қабылданды, саланы жеңілдікпен кредиттеу тетігі іске асырылуда. Рұқсат етілмеген полигондарды жою бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Дегенмен, шешімдерді қажет ететін бірқатар мәселелер бар, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының тапсырмалары:

Экология және табиғи ресурстар министрлігі бір апта мерзімде тұрмыстық қатты қалдықтардың жаңа полигондарын салу тетігін жүзеге асыру жөніндегі қаулы жобасын Үкімет аппаратына енгізсін;

өңірлердің әкімдіктері рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жөніндегі жұмысты күшейтсін. Премьер-министр ағымдағы жұмыстың әлсіз қарқынын атап өтті;

қалдықтарды қайта өңдеу.

— Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде «Тұйық циклді экономика» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асырылды, оның негізгі қағидаты — қалдықтардың пайда болуын болдырмау. Мәселен, Швецияда қоқыстың 1%-дан азы полигондарға түседі. Бұл ел тіпті көрші елдерден қалдықтарды импорттайды. Германияда тұрмыстық қалдықтардың 67%-дан астамы айналымға қайтарылады. Тізімді жалғастыруға болады. Қалдықтарды қайта өңдеу — міне бұл біз ұмтылатын меже. Алайда, қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы жобаларды жүзеге асыруды кешіктіріп жатқан фактілер бар. Осыған байланысты, Экология министрлігі бір апта мерзімде қалдықтарды қайта пайдалану саласындағы жобаларға тексеру жүргізсін және оларды іске асыру жөнінде нақты шешімдер енгізсін, — деп атап өтті Премьер-министр.

Бұдан бөлек, энергия үнемдеу саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға және саланы дамыту жөніндегі жоспарларға назар аударылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп секторында ірі кәсіпорындармен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде энергия сыйымдылығының 32%-ға төмендегенін баяндады. Оның айтуынша, ірі кәсіпорындар үшін энергия тиімділігі бойынша жеке мақсатты индикаторлар әзірленген. Шамамен 300 ірі өнеркәсіп нысанында энергетикалық аудит жүргізіліп, 113 млрд теңге көлемінде энергия үнемдеу іс-шаралары жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде салада айтарлықтай экономикалық тиімділікке қол жеткізілді. Қазіргі таңда тағы 300-ден астам нысанда осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы 5%-ға төмендеді.

Премьер-министр энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласында озық тәжірибені енгізудің маңыздылығын атап өтті.

— Мемлекет басшысы жақында Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы әлемдік орташа мәндерден 2 есе және ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерінен 3,5 есе жоғары екенін атап өтті. Халықаралық энергетикалық агенттік белгілеген жаһандық үрдіс энергия сыйымдылығының жоспарлы төмендеуі болып қала береді — жаһандық экономика аз ресурстарды пайдалана отырып, көбірек пайда табуды үйренуде. Сондықтан энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласында озық тәжірибені белсенді енгізу қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отырысқа қатысушылардың назары әлемдік тәжірибеге аударылды. Мәселен, Германия мен Жапонияда металлургиялық және химиялық зауыттардан артық жылу атмосфераға шығарылмастан жылу сорғыларымен алынып, жақын маңдағы тұрғын аудандарды жылытуға жіберіледі. Еуропаның көптеген елдерінде жаңа ғимараттарды салу кезінде аса герметикалық жылу оқшаулау, энергияны үнемдейтін терезелер және ауаны қалпына келтіру жүйелері қолданылады.

— Мемлекет басшысы Үкімет алдына 2029 жылға қарай экономиканың энергия тұтынуы мен энергия сыйымдылығын 15%-ға төмендету міндетін қойды. Өнеркәсіптің барлық субъектілері энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі өздерінің іс-шаралар жоспарларын бекітуге тиіс. Бір апта мерзімде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының, Астана қаласының әкімдіктері тиісті Жол карталарын бекітуі қажет. Өнеркәсіп министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы қажет, — деді Премьер-министр

Өнеркәсіп министрлігі жауапты органдармен және әкімдіктермен бірлесіп жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет.

Автор
Айгерім Асылова

Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.