KZNEWS.KZ
Әлеумет

Бектенов: ауқатты қазақстандықтар мемлекеттен әлеуметтік көмек алмауы керек

• Жарқын Омаров
primeminister.kz

Үкімет басшысының айтуынша, қазір кейбір жәрдемақылар отбасының табысына қарамастан тағайындалады. Мысалы, көпбалалы отбасылардың барлығы бірдей әлеуметтік қолдау алады. Бектенов мұндай тәсіл әділетсіз деп санайды.

«Көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау алады. Біздің ойымызша, бұл әділетсіз. Өздерін қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр әлеуметтік көмектің мақсаты азаматтарды тұрақты түрде мемлекеттік төлемдерге тәуелді ету емес, қиын жағдайдан шығудан көмектесу екенін айтты.

«Мемлекет көрсететін көмекті адам тұрақты табыс көзі ретінде қабылдамауы керек. Бұл – адамның өзін тауып, өз-өзін қамтамасыз етуіне және уақыт өте келе мұқтаждар санатынан шығуына берілетін серпін», – деді ол.

Бектеновтің сөзінше, әлеуметтік төлемдерді тағайындау жүйесін қайта қарау нәтижесінде 2027 жылы 700 миллиард теңге, ал үш жыл ішінде шамамен 2,5 триллион теңге үнемдеу жоспарланып отыр. Үнемделген қаражатты басқа басым бағыттарға жұмсау көзделген.

Әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

Жаңа жүйеде отбасылардың әл-ауқаты бес санатқа бөлінеді. Материалдық жағдайы жоғары және ауқатты отбасыларға жататын А және B санатындағы азаматтар кейбір жәрдемақылардан қағылуы мүмкін.

Отбасының қаржылық жағдайы кірісі, мүлкі және салық деректері негізінде Цифрлық отбасы картасы арқылы бағаланады.

Өзгерістер бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақыға және бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне төленетін ай сайынғы төлемге де қатысты болуы мүмкін.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →