Жамбыл облысында қаза болған 19 жастағы Мәдина Рашидқызының анасы сегіз айлық немересімен кездесе алмай жүр. Марқұмның бұрынғы күйеуінің туыстары баламен кездесу мәселесін сот арқылы шешуді ұсынған.
Жамбыл облысында қаза болған 19 жастағы Мәдина Рашидқызының анасы сегіз айлық немересімен кездесе алмай жүргенін айтты. Марқұмның бұрынғы күйеуінің отбасы баланы көру мәселесін сот арқылы шешуді ұсынған, деп хабарлайды kznews.kz
Журналист Жан Ахмадиевтің мәліметінше, Мәдинаның анасы адвокатымен бірге немересін көруге барған. Алайда баланың әкесі Мадиярдың отбасы баланы көрсетпей, кездесуді заңды тәртіппен, яғни сот арқылы шешу керектігін айтқан.
Осы уақытта Мәдинаның өліміне қатысты сот-медициналық сараптама аяқталған. Сарапшылар қорытындысын әзірлегенімен, оның нақты мазмұны әзірге жарияланбады.
Еске салайық, 19 жастағы Мәдина Меркі ауданында қайтыс болған күйінде табылған. Бұған дейін марқұмның құрбысына жолдасының ұрып-соққанын айтып шағымданғаны хабарланған. Сондай-ақ ол ажырасуды жоспарлап, бөлек тұру үшін баспана жалдамақ болғаны және осы мақсатта құрбысынан 15 мың теңге қарыз сұрағаны айтылған.
Мәдинаның артында сегіз айлық ұлы қалды. Қазір оның өліміне қатысты істің мән-жайы анықталып жатыр.