Жамбыл облысының Меркі ауданында қаза тапқан 19 жастағы Мадинаның өліміне қатысты жаңа мәліметтер айтылды. Марқұм көз жұмғанға дейін құрбысына күйеуімен арада жанжал болғанын айтып, онымен ажырасуды жоспарлаған. Алайда жас келіншек бұл шешімін жүзеге асырып үлгермеген, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін Мадинаның қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Қайғылы жағдайдан кейін әлеуметтік желілерде оның өліміне отбасындағы «Барни» кексіне қатысты жанжал себеп болуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Алайда марқұмның жақындары отбасындағы жағдай бұдан әлдеқайда күрделі болуы мүмкін екенін айтып отыр.
Жаңа мәліметке сәйкес, Мадина қайтыс болардан аз уақыт бұрын құрбысына отбасындағы жағдайын айтып, күйеуімен келіспеушіліктері болғанын жеткізген. 19 жастағы қыз некесін бұзып, ажырасуды ойлаған.
Алайда оның бұл жоспары жүзеге аспай, өмірі қайғылы жағдайда үзілген.
Сонымен қатар марқұмның жақындары Мадинаның күйеуі Мадиярға қатысты да пікір білдірді. Олардың айтуынша, екеуі бір-бірін сүйіп, өз еркімен шаңырақ көтерген.
«Зират басында тұрмыз ғой. Мадияр негізі өте кеңпейіл, жақсы бала. Мадинаны ешкім алып қашып келген жоқ. Екеуі бір-бірін сүйіп қосылған адамдар ғой. Көшеде екеуі құшақтасып жүрген қыз бен жігіт болатын», – деді Мадиярдың жақыны.
Қазір марқұмның туыстары қайғылы жағдайға дейін отбасында нақты не болғанын анықтауды талап етіп отыр. Олардың сөзінше, Мадинаның өліміне дейінгі кезеңге қатысты бірқатар сұрақ әлі де жауапсыз қалып отыр.
Жақындары жас келіншектің құрбысына айтқан соңғы әңгімесі мен отбасындағы қарым-қатынасқа қатысты деректердің жан-жақты тексерілгенін қалайды. Олардың пайымынша, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталуы керек.