KZNEWS.KZ
Әлеумет

Балалардың қауіпсіздігіне кім жауап береді? Құрылтайда жаңа депутаттық топ іске кірісті

• Асқар Алтайұлы
Фото: Ұйымдастыру комитеті

Бұл туралы топ жетекшісі, Құрылтай депутаты Дана Медеуова Орталық Азия елдерінің бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің «Балалар үні: ұлттық стратегиялар және қауіпсіз цифрлық орта» атты ІІ халықаралық форумында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, депутаттық топ балаларды қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін парламентшілердің күш-жігерін біріктірмек.

– Біздің мақсатымыз – балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығы мен тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелерін заң шығару қызметінде басты назарда ұстау, – деді Дана Медеуова.

Форумда балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар заманауи технологиялардың бала дамуына ықпалын, цифрлық ортадағы қауіптерден қорғау жолдарын талқылады. Сондай-ақ барлық балаға, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білім алуға тең мүмкіндік жасау мәселесі көтерілді.

Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиеваның төрағалығымен өткен жиынға Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты.

Форумға БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджид, Орталық Азия елдері мен Финляндияның бала құқықтары жөніндегі уәкілдері, халықаралық ұйымдар және дипломатиялық корпус өкілдері де жиналды.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →