Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовке арналған XIII облыстық ашық шахмат турнирі өнер иесінің туған ауылы Жайылмада ұйымдастырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, биылғы турнир "Тұлғаға тағзым. Ұрпаққа өнеге" деген атаумен өткен.
Бағдат Әшімова шараны ұйымдастыруға атсалысқан аудан әкімдігіне, ел азаматтарына және барлық жанашыр жандарға алғыс білдірді.
"Аудан әкімшілігіне, ел азаматтарына үлкен рахмет. Жерлес азаматтарын ұлықтап, жас ұрпаққа өшпес мұра қалдырып отыр. Бұл тарих тақтасында қалатын күн болды", – деп жазды ол.
Айта кетейік, Асанәлі Әшімов – қазақ киносы мен театрының дамуына зор үлес қосқан көрнекті өнер қайраткері. Оның құрметіне туған ауылында өткізілген шахмат турнирі жас ұрпаққа өнеге көрсетіп, елге еңбегі сіңген тұлғаларды дәріптеудің жарқын үлгісі ретінде бағаланды.