Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өткен кездесудің бірінші таймында екі команда да есеп аша алмады. Ал екінші тайм бастала салысымен алаң иелері өз қақпасына гол өткізіп алды. 46-минутта Адилионың қақпа алдындағы пасынан кейін доп Ги-Марселин Киламаға тиіп, қақпаға кірді, деп хабарлайды kznews.kz.
66-минутта «Ордабасы» ойыншысы Әмір алаңнан қуылып, шымкенттіктер он ойыншымен қалды. Соған қарамастан, төрт минуттан кейін Эльхан Астанов есепті теңестірді. Қалған уақытта таблодағы нәтиже өзгерген жоқ.
Осы матчтан кейін «Ордабасының» ұпайы 68-ге жетті. Шымкенттік клуб 63 ұпайы бар «Қайраттан» бес ұпай алда келеді. Алайда алматылықтардың бір ойыны кем, сондықтан чемпиондық тартыстың тағдыры әлі шешілген жоқ.
Ал «Жеңіс» 33 ұпаймен турнир кестесінің орта тұсында тұр.
«Ордабасы» — «Жеңіс» 1:1 (0:0)
Голдар: Килама, 46-минут, автогол (0:1), Э. Астанов, 70-минут (1:1).
Алаңнан қуылды: Әмір, 66-минут.