Колумбияның Каука департаментінде Панамерикалық тасжол бойында миналанған автобустың жарылуы салдарынан кемінде 14 адам қаза тауып, 38 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің арасында бес бала бар, деп хабарлайды kznews.kz.
Өңір губернаторы Октавио Гусман бұл оқиғаны «бейбіт тұрғындарға бағытталған бейберекет шабуыл» деп атады. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың күші соншалық, адамдарды бірнеше метрге дейін ұшырып жіберген.
Билік бұл теракт үшін «Хайме Мартинес» қарулы тобын жауапты деп отыр. Бұл ұйым — кезінде бейбіт келісімге қосылудан бас тартқан FARC (Колумбияның революциялық қарулы күштері) құрамынан бөлініп шыққан топтардың бірі.
Еске сала кетейік, FARC ұйымы елде жарты ғасырдан астам уақытқа созылған қарулы қақтығыстың негізгі қатысушысы болған. 2016 жылы олардың басым бөлігі үкіметпен келісімге келіп, қаруын тапсырғанымен, кейбір топтар әлі күнге дейін қарулы әрекеттерін жалғастырып келеді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, тек соңғы екі күннің ішінде Колумбияның оңтүстік-батысында бейбіт тұрғындар зардап шеккен кемінде 26 оқиға тіркелген. Бұған дейін, 24 сәуірде Кали мен Пальмира қалаларында әскери нысандар маңында миналанған екі көлік жарылған.
Сарапшылардың пікірінше, елдегі зорлық-зомбылықтың күшеюі алдағы президенттік сайлау науқанының қыза түсуімен байланысты болуы мүмкін. Сайлау 31 мамырға жоспарланған.