Премьер министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек LRT депосының ғимаратына барып, жеңіл рельсті көлік жобасы аясында құрылып жатқан Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Депо аумағында жалпы көлемі 768 шаршы метрді құрайтын заманауи диспетчерлік орталық жасақталуда. Аталған орталық LRT жүйесінің «ми орталығына» айналып, елорданың көлік қозғалысын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Бірыңғай диспетчерлік орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – LRT пойыздарының қозғалысын басқару. Сонымен қатар орталық зияткерлік көлік жүйесіне кіретін бағдаршам нысандарының жұмысын үйлестіріп, қоғамдық көліктің қозғалысын диспетчерлік сүйемелдеуді жүзеге асырады. Бұдан бөлек, велосипедтерді жалға беру жүйесі де осы орталық арқылы бақылауға алынады. Мамандар көлік ағындары бойынша деректерді өңдеп, талдау жүргізіп, көлік қозғалысын оңтайландыруға бағытталған шешімдер қабылдайды.

Сапар барысында LRT желісіндегі бірқатар стансаларды да аралап көрді. Атап айтқанда, «Әуежай», «Бәйтерек» және «Министрліктер үйі» стансаларының дайындығы тексерілді.
Қазіргі уақытта LRT желісі бойынша сынақтық пайдалану жұмыстары бекітілген сынақ бағдарламасына сәйкес толық желі бойымен жүргізілуде. Тестілеу кезеңінің міндеттеріне қарай пойыздар кейде аялдамасыз жүрсе, кей жағдайда барлық стансаларға тоқтайды. Бұл есіктердің синхронды жұмысын, позициялау жүйелерін, тоқтау дәлдігін және пойыз бен стансадағы басқару жүйелерінің өзара әрекеттесуін тексеру үшін қажет.
Сынақтық пайдалану тәуліктің кез келген уақытында, соның ішінде түнгі мезгілде де жүзеге асырылуда. Күн сайынғы сынақ жұмыстарының ұзақтығы 12 сағаттан асады.

Жылжымалы құрам Орталық Азияның климаттық жағдайына бейімделген. Пойыздар төмен температураға және мұз қату құбылыстарына төзімді болып жобаланған.
Қозғалыс параметрлері:
Қозғалыс интервалы: 5–10 минут;
Стансалар арасындағы жүру уақыты: 1,5–3 минут;
«Нұрлы жол» стансасынан «Әуежай» стансасына дейінгі жол жүру уақыты – шамамен 40 минут.
Сынақтық пайдалану кезеңінің аяқталуы және жолаушылар тасымалының басталу күні барлық кешенді іс-шаралар толық орындалып, жүйенің белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін анықталады. LRT жұмысының басталуы алдағы айларда күтілуде.