Атырау облысында бірнеше адамның жоғалуымен байланысты қанды оқиға бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды. Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев қылмысты мойындап, екі адамның мәйіті қай жерде жасырылғанын көрсеткен, деп хабарлайды kznews.kz.
Белгілі журналист Дастан Мүрсәлімнің айтуынша, қайғылы жағдай Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында болған. Бұған дейін тұтас бір отбасының жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған еді.
Күдікті мен оның жұбайы жалдап тұрған Атырау қаласындағы Геолог ықшам ауданындағы үйдің ауласынан екі адамның мәйіті табылған. Айта кетейік, шамамен екі ай бұрын полиция қызметкерлері дәл осы үйдің маңын тексеріп, қазу жұмыстарын жүргізгенімен, ешқандай із таппаған.
Журналистің мәліметінше, күдікті оқиғаны ұзақ уақыт бойы жасырып келген. Ол отбасы мүшелерінің телефондарын пайдаланып, олардың атынан хабарламалар жазып, туыстарымен байланыс жасап отырған.
Сондай-ақ Индонезияда ұсталған күдіктіден 8 ұялы телефон тәркіленгені айтылды. Тергеу барысында ол құрылғылардың бір бөлігі жоғалған отбасы мүшелеріне тиесілі болуы мүмкін екені тексеріліп жатыр.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар марқұмдардың туысы Ақбаян есімді азаматшаның бұл іске қаншалықты қатысы бар екені де тергеу барысында анықталмақ.