Атырау облысында бір отбасының қаза табуына қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер жарияланды. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.
Облыстық прокуратура өкілінің айтуынша, тергеу барысында оқиғаға үшінші тұлғалардың қатысы анықталмаған. Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің мәлімдеуінше, қылмыс күдікті мен жәбірленушілер оңаша қалған сәтте, бөгде адамдардың араласуынсыз орын алған.
"Сыртқы күштердің ешқандай ықпалы жоқ. Барлық жайт күдікті мен жәбірленушілер жеке қалған уақытта болған. Басқа тұлғалардың қатысы анықталған жоқ", – деді ол.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты екі және одан да көп адамды өлтіру, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкін жымқыру фактілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.