Атырауда бір отбасының төрт адамын өлтірді деп айыпталған 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевтің алдын ала сот отырысы өтті. Сотта айыпталушы ауыр қылмысқа баруына ұзаққа созылған отбасылық жанжал мен психологиялық қысым себеп болғанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Сәрсемәлиев өзіне қандай жаза тағайындалса да, оны қабылдауға дайын екенін жеткізді.
"Мен жасаған қылмысым үшін кез келген жазаға дайынмын. Мейлі ол өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру болсын", – деді сотталушы.
Айыпталушының сөзінше, марқұмдар оның отбасы өміріне араласып, жұбайымен арақатынасына әсер еткен. Ол әйелінің туыстары отбасының ішкі мәселесіне шектен тыс араласты деп санайды.
"Әйеліммен 10 жыл бірге тұрдық, 5 баламыз бар. Олар біздің қарым-қатынасымызға сырттан араласып, арамызға іріткі салды", – деді ол.
Сәрсемәлиев сотта отбасын сақтап қалуға тырысқанын, алайда әйелінің туыстары тарапынан қысым тоқтамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бес баласына қатысты да ауыр сөздер айтылған.
"Әйелімді менен тартып алып, бес баламды ‘саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ’ деп бопсалады. Олардың әрекеті мені ақылымнан алжастырып, жүйкемді жұқартып, адами болмысымды күйретіп жіберді", – деді айыпталушы.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Істің толық мән-жайы сот барысында анықталмақ.