Дәрігер Жұлдыз Қоспанованың айтуынша, қайғылы жағдай 16 қарашада болған. Сәби 14 қарашада Жылыой ауданынан санитарлық авиациямен облыстық инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Ол кезде баланың жағдайы өте ауыр болған.
Атырау облысында қызылша диагнозымен ауруханаға түскен бір жастағы сәби қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, баланың ата-анасы туа біткен жүрек ақауына байланысты оған вакцина салдырудан бас тартқан, деп хабарлайды kznews.kz.
Дәрігерлер қарқынды ем жүргізгенімен, сәбиді аман алып қала алмады. Негізгі ауруының асқынуы салдарынан екі өкпесі қабынып, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың қайтыс болғанын растады. Алайда ресми хабарламада өлімнің нақты себебі қызылша екені айтылмаған. Сондай-ақ баланың вакцина алмағаны туралы ақпаратқа да түсініктеме берілмеген.