KZNEWS.KZ
Әлеумет

Астанада жұрт тегін асқа таласты: халық «жабайы» ма, әлде ұйымдастыру нашар ма?

• Асқар Алтайұлы

Астанада қазақтың ұлттық тағамдарынан тегін дәм татуға келген жұрт фуршет үстелінің маңына жаппай жиналып, соңы қарбаласқа ұласты. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды kznews.kz.

Тегін дегустацияны кейтеринг компаниясы ұйымдастырған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара бастапқыда арнайы шақырылған 50 адамға есептелген. Қонақтарға жететіндей тағам әзірленіп, ыдыс-аяқ пен қызмет көрсету де алдын ала қарастырылған.

Ұйымдастырушылар адамдардан дастарқанға кезекпен келуді сұраған. Алайда бір сәтте көпшілік фуршет үстеліне бір мезетте лап қойған. Салдарынан дайындалған тағам бірнеше минуттың ішінде таратылып кеткен.

Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан үстел маңында адамдардың қатты тығыздалғанын көруге болады. Қарбалас кезінде ыдыс-аяқ сынып, тіпті үстелдердің аударылғаны айтылады.

Адамдардың көптігінен арнайы шақырылған қонақтар, оның ішінде шетелдіктер де дастарқанға еркін жақындай алмаған.

Кейтеринг компаниясы мұншалықты көп адам жиналады деп күтпегенін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған ұқсас жағдай биыл көктемде Өскеменде де болған. Тегін тағам тарату кезінде көпшілік жиналып, дүрбелең туған еді. Кейін акцияны ұйымдастырған кәсіпкер жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →