Қайырымдылық қорына түскен қаражатты жымқырғаны үшін сотталған Перизат Қайрат жазасын өтеп жатқан мекемеде еден жуушы болып жұмыс істейді. Ал оның анасы Ғайни Алашбаева әзірге еңбекке тартылмаған. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Ulysmedia редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Перизат Қайраттың анасы әзірге жұмыс істемейді
Басылым ҚАЖ комитетінен сотталғандардың колониядағы еңбек қызметі, жалақысы, тұрмыс жағдайы және мекеме ішіндегі іс-шараларға қатысуы туралы ақпарат сұратқан.
Ведомствоның мәліметінше, Перизат Қайрат мекемеде тазалық жұмыстарын атқарып, еден жуушы болып еңбек етеді. Ал анасы Ғайни Алашбаева әзірге жұмысқа орналастырылмаған.
Сонымен қатар комитет сотталғандардың жеке ісіне қатысты кейбір мәліметтерді жариялауға заңмен шектеу қойылғанын атап өткен. Осыған байланысты Перизат Қайрат пен анасының жалақысы туралы ақпарат берілмеген.
Перизат Қайрат не үшін сотталды?
Еске салайық, Перизат Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қорының жетекшісі болған. Қор 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мен Палестина тұрғындарына көмек көрсету мақсатында қаражат жинаған.
Алайда тергеу барысында жиналған ақшаның бір бөлігі мақсатсыз жұмсалғаны анықталды. Сот Перизат Қайратты 10 жылға, ал анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Сондай-ақ сот олардың мүлкін тәркілеу және жәбірленушілердің пайдасына 1,582 миллиард теңге өндіру туралы шешім шығарды. Апелляциялық сот алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.