Бұрынғы депутат әлеуметтік желідегі парақшасында жұмыссыз жүрген кезеңі өзіне үлкен өмірлік сабақ болғанын жазған.
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза 123 күннен бері жұмыссыз жүргенін айтып, мемлекеттік қызметтен кеткен соң айналасындағы адамдардың қарым-қатынасы өзгергенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұрын үнемі байланыста болған бірқатар әріптесі мен шенеунік хабарласуды қойған, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұрынғы депутат әлеуметтік желідегі парақшасында жұмыссыз жүрген кезеңі өзіне үлкен өмірлік сабақ болғанын жазған. Оның айтуынша, қазір онымен тек адами қарым-қатынасын сақтаған 7-8 адам хабарласып тұрады.
«Жұмыссыз жатқаныма 123 күн болды. Бұрын батарейкасы тез отыратын смартфоным қазір тыныш, екі күнге қуаттылығы жетіп жатыр. Адами кейіп сақтап қалған 7-8 адамнан басқа ешкім хабарласпайды. Өзім қоңырау шалсам, трубканы көтеретін әріптестер мен шенеуніктер телефон көтермейтін болды», – деп жазды Самат Нұртаза.
Оның айтуынша, бұрын «Сэм, братан!», «В любое время, Сәке!», «Всегда на связи, Самат Русланович!» деп араласуға шақырып, бірге уақыт өткізетін вице-министрлер де байланысын үзген.
Бұрынғы депутат мұндай жағдайды күтпегенімен, қызметтен кеткен соң адамдардың қарым-қатынасы өзгеретінін білгенін айтады. Оның пікірінше, дәл осындай жағдай қазіргі Құрылтайдың 145 депутатының да басынан өтуі мүмкін.
«Лауазым – қоғамға керектігіңді сезіну»
Самат Нұртаза мемлекеттік қызметкерлердің лауазымынан айырылғысы келмей, қызметте қалуға барынша тырысатынының себебін енді түсінгенін айтады.
«Лауазым – көпшілік ойлайтын нақты бір ақша, билік, кабинет емес екен. “Лауазым” – социумға керектігің, нақты өз шегелеген орның екен. Адам сол өз орнын жоғалтып алмау үшін психологиялық майданда күресетін сияқты. Сол қоғамға керек болғанын сезіну – шенеуніктің басты допингі. Мемлекеттік қызметте болмаған адам бұл құбылысты түсіне алмайды», – деп жазды ол.
Бұрынғы депутат қызметтен кеткеннен кейін де байланысын үзбеген адамдарға алғысын білдірді. Оның сөзінше, 123 күн ішінде кімнің шынайы қарым-қатынас жасағаны, кімнің тек лауазымына қарап араласқаны айқындалған.
Самат Нұртаза алдағы уақытта жұмысқа оралатынына сенімді екенін де жеткізді. Оның пікірінше, мемлекеттік қызметте адамның қоғамға қажет екенін сезінуі маңызды. Ал екінші жол – жеке кәсіппен айналысу.