KZNEWS.KZ
Әлеумет

Астанада кейбір тұрғындарға жақында 86 500 теңгеге дейін беріледі

• Жарқын Омаров
ашық дереккөз

Астанада Мүгедектігі бар адамдар күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл туралы «24KZ» жазды, деп хабарлайды kznews.kz.

Төлем мөлшері мүгедектік тобына байланысты 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін болады. Елорда әкімдігінің мәліметінше, Мүгедектігі бар адамдар күні қазанның екінші жексенбісінде атап өтіледі. Биыл бұл күн 11 қазанға сәйкес келеді.

Әлеуметтік көмектің мөлшері:

I топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 86 500 теңге (20 АЕК);

II топтағы азаматтарға және 18 жасқа дейінгі барлық топтағы мүгедектігі бар балаларға – 43 250 теңге (10 АЕК);

III топтағы азаматтарға – 21 625 теңге (5 АЕК).

Көмек алу үшін өтініш берудің қажеті жоқ. Төлем «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде автоматты түрде тағайындалады.

Жақында Астанаға көшіп келген азаматтар өздерінің құжаттары жаңа тұрғылықты жері бойынша тіркелгеніне көз жеткізуі керек.

Алайда биыл басқа негіз бойынша осындай біржолғы әлеуметтік көмек алған азаматтарға бұл төлем берілмейді.

«Қағидаларға сәйкес, біржолғы әлеуметтік көмек бір күнтізбелік жылда тек бір негіз бойынша бір рет тағайындалады. Сондықтан егер азамат жыл ішінде басқа негіз бойынша осындай әлеуметтік көмек алған болса, Мүгедектігі бар адамдар күніне орай қайталама төлем жасалмайды», – деп түсіндірді елорда әкімдігі.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →