Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны Бақытжан Әмит Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, ауыр диагнозбен елге оралды. Қазір жас жігіт өздігінен жүріп-тұра алмай, балдақтың көмегіне жүгінуге мәжбүр, деп хабарлайды kznews.kz.
Бақытжанның туыстарының айтуынша, сарбаз әскери қызмет кезінде денсаулығына бірнеше рет шағымданған. Алайда олардың сөзінше, әскери бөлімдегілер оның жағдайына тиісті көңіл бөлмей, «шыда» деп жауап берген.
Отбасы өкілдері жас жігіт дер кезінде медициналық тексеруден өтіп, қажетті ем алмағандықтан, денсаулығы күрт нашарлағанын айтады. Әскерге өз аяғымен кеткен Бақытжан қазір ақсандап, балдақпен жүреді.
Туыстары сарбаздың қазіргі жағдайына байланысты әскери бөлімдегі жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп отыр. Олар Бақытжанның денсаулығы не себепті осындай деңгейге жеткенін анықтауды сұрайды.
Әзірге бұл жағдайға қатысты Қорғаныс министрлігі мен әскери бөлімнің ресми түсініктемесі жарияланбаған.