Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов форум қатысушыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды kznews.kz. Мемлекет басшысы ұлттық тәрбие мен қоғамдық мәдениеттің сабақтастығын, Конституция құндылықтарын жастарға түсіндірудің маңызын атап өтті.
Президент еңбекті қадірлеу, заң мен тәртіпті сақтау және тазалықты күнделікті әдетке айналдыру тұтас қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді. Осы мақсаттарға жетуге әр отбасы, ұстаздар, қоғам белсенділері мен еріктілер атсалысуы қажет екенін айтты.
Ерлан Қошанов Халық Кеңесінің басты миссиясы жұртшылықты Президент реформалары мен бастамалары төңірегінде топтастыру екенін атап өтті. Оның сөзінше, қоғамдық әдеп пен азаматтық жауапкершіліктің негізі отбасындағы тәрбиеден басталады.
«Реформалар елімізді бүгін өзгертсе, құндылықтар оның елу жылдан кейін қандай болатынын айқындайды. Сондықтан Президент күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс қоғамдық құндылықтар мен бағдарларды жүйелі түрде қалыптастырып келеді», – деді Қошанов.
Форумда әскери бөлімдердегі моральдық-тұрмыстық жағдайды жақсарту, жастарды жұмыспен қамту, әйелдер құқығын қорғау және кітап оқу мәдениетін дамыту мәселелері көтерілді.
Халық Кеңесінің мүшесі Наталья Дементьева әскери қызмет жағдайын жақсарту қажеттігін айтты. Бұл бағытта әскери бөлімдердегі ахуалды зерделеп, нақты шараларды айқындау жоспарланып отыр. Ал «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арман Түлкібаев «JOLTAP» жобасының тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар жобаның мүмкіндіктерін ауыл жастарына кеңінен ұсыну мәселесіне назар аударды.
Жиын қоғамдық құндылықтарды нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға арналды.