Мұрат Әбенов Кеңес мүшелеріне тиісті міндеттер туралы баяндады.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істеп, жалақы алмайды. Бұл туралы Кеңес мүшесі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, Кеңес мүшелеріне мемлекеттік қызметші мәртебесі, жеке кабинет немесе қызметтік көлік берілмейді. Әр қатысушы өз негізгі жұмысын жалғастырады.
«Жұмыс толығымен тегін, қоғамдық негізде жүргізіледі. Біз мемлекеттік қызметші болып саналмаймыз», – деді Әбенов.
Конституцияның 70-бабына сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі – халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Кеңес ішкі саясат, қоғамдық келісім, ұлттық бірлік және ынтымақтастық мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлей алады. Сондай-ақ Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы.
Әбеновтің сөзінше, Кеңес жылына кемінде бір рет жиналуы тиіс. Қажет болған жағдайда отырыстарды жиірек өткізуге болады.