Қыркүйектің екінші жартысында Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесі жасақталады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа құрылым еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстырады.
Халық Кеңесіне заңнамалық бастама көтеру құқығы беріледі.
– Шын мәнінде, бұл – бірегей орган. Осылайша, қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институттары жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің құрылуы мемлекеттік институттарды жаңғырту үдерісінің маңызды бөлігі болатынын атап өтті. Жаңа органның нақты құрамы мен қызмет тәртібі кейінірек жарияланады.