Енді құрылып жатқан Халық кеңесі еліміздің саяси жүйесіндегі жаңа қоғамдық институт болмақ. Бұл орган мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейтіп, азаматтардың ұсыныстары мен мәселелерін мемлекеттік шешім қабылдау кезінде ұсынатын тетікке айналуға тиіс.
Жалпы, Халық кеңесін құру бастамасы жаңа Конституцияда бекітілген бірқатар қағидаттармен үндеседі. Атап айтқанда, 3-бапта қоғамдық диалогты дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетілген. Ал 4-бапта халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі екені айқындалған. Сонымен бірге 35-бап азаматтардың мемлекеттік істерді басқаруға тікелей немесе өз өкілдері арқылы қатысу құқығын бекітеді. Осы тұрғыдан алғанда, Халық кеңесі конституциялық қағидаттарды нақты өмірде жүзеге асыруға бағытталған алаң болуы заңды.
Алайда, кез келген жаңа институттың тиімділігі оның құрылуымен емес, қоғамдағы нақты рөлімен бағаланады. Демек, Халық кеңесі кімдердің алаңы болады деген сауал туады. Яғни, қазір қоғам назарындағы басты мәселенің бірі кеңестің құрамы туралы болып отыр. Егер оның құрамына тек мемлекеттік органдарға жақын тұлғалар немесе бұрыннан қалыптасқан ресми қоғамдық құрылымдардың өкілдері ғана кірсе, онда жаңа институттың қоғамдық сипаты әлсіреуі мүмкін. Ал егер Халық кеңесіне тәуелсіз сарапшылар, ғалымдар, журналистер, кәсіпкерлер, жастар, өңірлердегі белсенді азаматтар және түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері тартылса, ол шынайы диалог алаңына айналады деген сенім бар.
Өйткені, қоғамдық диалог дегеніміз барлығының бір пікір айтуы емес. Керісінше, әртүрлі көзқарастардың ашық талқыланып, ортақ шешімге келу мүмкіндігі берілуі керек.
Екіншіден, қазақ қоғамы бұл органды қазірдің өзінде Қазақстан халқы Ассамблеясымен салыстыра бастады. Яғни, Халық кеңесін Қазақстан халқы Ассамблеясының өзгерген нұсқасы дейтіндер бар. Себебі, екі құрылым да формасы жағынан мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған консультативтік институт жұмысын атқарады.
Бірақ, олардың міндеттері әртүрлі екен. Мәселен, Ассамблеяның негізгі бағыты қоғамдық келісім мен этносаралық тұрақтылықты сақтау болды. Ал Халық кеңесі қоғамдағы кең ауқымды мәселелерді әлеуметтік, экономикалық, құқықтық және саяси бастамаларды талқылайтын алаң болады деген болжам бар.
Дегенмен, екі институтқа ортақ талап бар екені анық. Бастысы, қоғам сеніміне ие болу. Осы тұрғыдан алғанда Халық кеңесінің беделі оның қанша отырыс өткізгенімен емес, көтерген мәселелерінің қаншалықты шешімге айналғанымен өлшенуге тиіс. Егер кеңесте айтылған ұсыныстар мемлекеттік органдар тарапынан ескеріліп, нақты өзгерістерге ықпал етсе, оның рөлі артады. Ал егер ол тек пікір алмасумен шектеліп, қабылданған ұсыныстар орындалмаса, қоғамның қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Яғни, Халық кеңесінің жаңа Конституциядағы қоғамдық диалог пен халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу қағидаттарын жүзеге асыратын маңызды тетікке айналуына саяси жүйе де, қоғам да мүдделі болуы керек.
Қорыта айтқанда, Халық кеңесінің табысы оның құрылу фактісімен емес, Конституцияда бекітілген халық билігі қағидатын қаншалықты іске асыра алатынымен бағаланады. Егер бұл институт қоғамның барлық тобына ашық болып, түрлі көзқарастарды тыңдап, олардың ұсыныстары нақты мемлекеттік шешімдерге ықпал етсе, ол Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының маңызды тетіктерінің біріне айналады. Ал егер ол тек пікірлес адамдардың жабық алаңы болып қалса, Конституция көздеген халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу қағидаты толық жүзеге аспауы мүмкін.
Халық кеңесіне кімдер мүше болады?
Қазақстан Халық кеңесі 126 мүшеден тұрады. Оның құрамына үш бағыт бойынша өкілдер кіреді. Атап айтқанда, 42 адам этномәдени бірлестіктер өкілдері болса, 42 адам қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінен тұрады. Және 42 адам мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер өкілдерінен құралмақ. Ал кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі 4 жыл болып белгіленген.