Қазақстан Халық партиясының съезінде алдағы Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттар тізімі, сайлауалды бағдарламасы және саяси кеңестің жаңа құрамы бекітілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Партия Құрылтай сайлауына барлығы 72 кандидатты ұсынды. Олардың қатарында партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, оның орынбасары Бейбіт Құсайынов, Мәжілістің бұрынғы депутаттары Ирина Смирнова мен Ислам Сұңқар, тележүргізуші Аша Матай және әнші Тамара Асар бар. Ал экс-депутат Магеррам Магеррамов бұл жолы кандидаттар тізіміне енген жоқ.
Кандидаттардың бірі Аша Матай Құрылтай құрамына өтсе, мәдениет, балалар контенті және денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге басымдық беретінін айтты.
«Әрине, ниеттімін. Көтеретін мәселе көп. Өнер жағынан келгеннен кейін үлкен мәселелерді көтеруге болады. Ана ретінде мультфильмдерге көңіл бөлер едім, медицина саласына да атсалысар едім. Мәселелер көп. Оларды дер кезінде айтып, дер кезінде шешу керек деп ойлаймын», – деді ол.
Ал әнші Тамара Асар қоғамға өз тәжірибесімен қызмет етуді мақсат ететінін айтып, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды протездеу мәселесін көтеруге ниетті екенін жеткізді.
«Мен жиған білімімді халыққа қайтаруым керек. Өзім ерекше көңіл бөлетін мәселе – аяқ-қолынан толық айырылған адамдарды протездеу. Осы бағыттағы мәселелерді көтеруге жауап берем деп ойлаймын», – деді әнші.
Партияның сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік әділеттілікті күшейту, еңбек адамын қолдау, табыс теңсіздігін азайту, сондай-ақ көпбалалы отбасыларды, жастарды, зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтарды қолдау негізгі басымдық ретінде көрсетілген.
Съезде сөз сөйлеген партияның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев та өз пікірін білдіріп, елге формалды саяси күштер емес, халықтың сеніміне ие болатын ықпалды партиялар қажет екенін айтты.
«Елге саяси декорациялар мен бутафориялық партиялар емес, халық сенімі үшін күресетін күшті партиялар қажет», – деді Ермұхамет Ертісбаев.