Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау бойынша дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ресми дерекке сәйкес, Қазақстан Халық партиясы Құрылтайға өту үшін қажетті 5 пайыздық межеден аса алмады. Партия сайлаушылардың 3,11 пайыз дауысын жинаған.
Сайлаушылар тізіміне 12,6 миллионнан астам азамат енгізілсе, олардың 9,3 миллионнан астамы дауыс берген. Сайлауға қатысу көрсеткіші 74,08 пайызды құрады.
Алдын ала нәтиже бойынша, "Әділет" партиясы 71,17 пайыз дауыспен көш бастады. "Ауыл" партиясы 6,26 пайыз, Respublica – 5,56 пайыз, "Ақ жол" партиясы – 5,21 пайыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 5,11 пайыз дауыс жинаған.
Қазақстан Халық партиясына 285 395 сайлаушы, яғни 3,11 пайыз дауыс берген. Ал "Байтақ" жасылдар партиясы 1,07 пайыз дауыс иеленген. «Бәріне қарсы» нұсқасын таңдағандар үлесі 2,51 пайыз болды.
Сайлау қарсаңында Қазақстан Халық партиясының тізіміне тележүргізуші Аша Матай мен әнші Тамара Асар да енгізілген еді.
Алайда сайлау заңнамасына сәйкес, Құрылтайдағы мандаттарды бөлуге кемінде 5 пайыз дауыс жинаған партиялар ғана қатысады.
Қазақстан Халық партиясы бұл межеге жете алмағандықтан, оның тізіміндегі кандидаттарға, соның ішінде Аша Матай мен Тамара Асарға да Құрылтай депутаттығы мандаты бұйырмады.