Арыс қаласында болған жол апатынан кейін екі аяғынан айырылған 20 жастағы студент Талғат Емелдің жақындары істің әділ әрі ашық тергелуін сұрап отыр. Апат болған көлікті Арыс қаласы әкімінің 22 жастағы ұлы басқарғаны белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz.
КТК телеарнасының жазуынша, жол-көлік оқиғасы 29 мамырда Астана – Павлодар тасжолында болған. Сессиясын аяқтап, ата-анасына таксимен қайтып келе жатқан студент апат салдарынан ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның екі аяғын да шап тұсына дейін кесуге мәжбүр болған.
Талғат клиникалық өлімді де бастан өткерген. Жақындарының айтуынша, қазір оның жағдайы әлі де ауыр, емі мен оңалту шаралары жалғасып жатыр.
Жәбірленушінің әпкесі Гүлсім Абайілдинова науқасқа бірнеше рет ота жасалғанын және оның ағзасында ауыр сепсис байқалғанын айтты.
"Жағдайы әлі де қиын. Бірнеше рет ота жасалды. Дәрігерлер сепсис күшейгендіктен, жарақат орнын бірнеше мәрте ашып, қайта тазалауға тура келгенін айтты", – деді ол.
Жәбірленуші тарап көлік жүргізушісінің Арыс қаласы әкімінің ұлы екенін білгеннен кейін тергеуге ықпал жасалуы мүмкін деп алаңдап отыр.
"Әкім мемлекеттік қызметте болғандықтан, әр жерде таныстары болуы мүмкін. Сол себепті тергеу мен сотқа қысым жасалмай ма деп қорқамыз", – деді Талғаттың әпкесі.
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев бұл күдікпен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, кәмелетке толған ұлы өз әрекеті үшін заң алдында өзі жауап береді.
"Қызметтік өкілеттігімді жеке мүддем үшін ешқашан пайдаланған емеспін және пайдаланбаймын. Бұл іс бойынша тергеуге немесе процессуалдық шешімге ықпал етуге әрекет жасаған жоқпын. Заң алдында барлығы тең", – деді әкім.
Жол апатына байланысты такси жүргізушісі күдікті ретінде ұсталған. Қазіргі уақытта іс сотқа дейінгі тергеу сатысында.
Тергеу жол қозғалысы қағидаларын бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша кінә дәлелденсе, жүргізуші екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал Талғат Емелдің емі жалғасып жатыр. Оның отбасы істің жан-жақты әрі заң аясында қаралуын талап етеді.