Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік алдында сирек көрінген Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында қоғамда жиі талқыланатын діни көзқарасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Сұхбат барысында журналист Бекболат Тілеуханның намаз оқу ерекшелігіне қатысты сұрақ қойған. Осы сәтте экс-депутат өзінің ешқандай діни ағымға қатысы жоқ екенін айтып, ұстанатын жолын нақтылады.
Оның сөзінше, өзі көп жылдан бері Қазақстан мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын Әбу Ханифа мәзһабымен құлшылық етеді және намаз оқу тәсілі де осы мәзһабтың қағидаларына сәйкес келеді.
«Сен менің Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатынымды жақсы білесің. Мен ешқашан намазды арабтар сияқты оқыған емеспін. Қаралым үшін мені құрбандыққа шалудың қажеті жоқ. Мен уахабист емеспін. Әбу Ханифа мәзһабын ұстанамын. Қолымды көтермеймін, шалқайтпаймын, ел қатарлы намаз оқимын», – деді Бекболат Тілеухан.
Әңгіме барысында жүргізуші бұл үзіндіні қаласа монтаж кезінде алып тастауға болатынын айтқан. Алайда бұрынғы депутат керісінше осы сөздерінің міндетті түрде эфирде қалуын өтінген.
«Осы бөлігін қысқартпай жариялаңдар», – деді ол.
Сонымен бірге Бекболат Тілеухан әлеуметтік желіде қаралым жинау немесе қоғамның назарын аудару үшін діни тақырыптарды негізсіз қозғаудың дұрыс емес екенін айтып, өзінің бұл мәселедегі ұстанымын көпшілікке ашық жеткізуді жөн көргенін мәлімдеді.
Айта кетейік, экс-депутаттың аталған мәлімдемесі жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қолданушылар арасында түрлі пікірлер туындады.