Сарапшылар болжамы: Қазақстан жоғары табысты елдер санатына қашан қосылады?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Ақылды қала" концепциясы абстракциядан ақиқатқа айнала ма?

"Ақылды қала" концепциясы абстракциядан ақиқатқа айнала ма?
Фото: ашық дереккөздерден

Бұған дейін Алматы облысындағы энергетикалық мәселелер туралы бірнеше рет жазғанбыз. Оның ішінде өңірдегі ғана емес, тұтас еліміздегі озық жобалардың бірі ретінде қабылданған Алтау қаласының дамуы да дәл осы энергетика мен инфрақұрылым жүйесіне тікелей тәуелді екені айтылған.

Болжам бойынша, Алатау қаласы Қазақстанның жаңа экономикалық орталығы болуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаны " бір қаланың болашағы ғана емес, бүкіл елдің стратегиялық маңызы бар жобасы" деп бағалаған. Мемлекет басшысының жоспары бойынша Алатау инвестиция, инновация және іскерлік белсенділіктің жаңа орталығына айналуы керек. Бірақ, "болашақ қаласын" салу үшін алдымен бүгінгі проблемаларды шешу қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Шамалы уақыт бұрын Президенттің өзі "Алатауды" дамыту жөніндегі кеңесте осы қайшылықты ашық айтты. Мемлекет басшысы қала құрамына қосылған Жетіген, Қоянқұс және басқа да елді мекендердің тұрғындары электр жарығының жиі өшуіне, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың және орталықтандырылған судың жоқтығына шағымданатынын атап өтті. Ең маңыздысы бұл сөзді қарапайым тұрғын емес, осы жобаның бастамашысы Мемлекет басшысының өзі айтты.

Тоқаевтың дерегіне қарағанда, 2025 жылы Алматы облысындағы электр желілерінің тозуы 70 пайызға жуықтаған. Соның салдарынан электр қуатының өшуі 919 рет, ал 2026 жылдың басынан бері 201 рет тіркелген. Ал қаланың жаңа аудандарында инженерлік коммуникациялардың бір бөлігі әлі жобалау сатысында тұр. Үш қосалқы станцияны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жобалары да белгіленген мерзімнен кешігіп жатыр.

Президент бұл жағдайға Alatau Smart City жобасын салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасындағы қарама-қайшылық деп баға берген. Тіпті, мәселені Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жіберген олқылығы деп кесіп айтқан болатын.

Жалпы, дәл қазір Алатау жобасына қатысты үлкен қарама-қайшылық бар. Бір жағында 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамитын, аумағы 88 мың гектар жаңа қаланың жобасы тұрса, екінші жағында электрі жиі өшетін, суы мен жолы мәселеге айналған елді мекендердің нақты проблемасы "мен мұндалайды".

Деректер қарасақ, Жетіген атауын алмастырып, Алатау атты қала құрылған кезде оның халқы 52,7 мың адам болған. Қала аумағы төрт функционалдық аймаққа бөлініп, 2050 жылға дейін дамуы жоспарланған. Демек, бұл аумақта халық саны да, өндіріс те, көлік қозғалысы да еселеп өспек.

Екіншіден, "Алатаудың" болашағы инвестиция мен технологияға байланысты. Арнайы құқықтық режим енгізілген қала Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа платформасы ретінде қарастырылып отыр. Мемлекет басшысы 8-мамырда қол қойған Конституциялық заң "Алатауға" ерекше басқару моделін беріп, инвестиция, инновация және экономикалық өсімді жеделдетуге бағытталған.

Бірақ, жоғары технологиялы өндіріс пен дата-орталықтарға дейін қарапайым тұрғынның үйіндегі электр тұрақты болуы керек. Президенттің мәліметіндегі 70 пайызға жуық тозған электр желісі осы мәселенің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Егер бүгінгі инфрақұрылым тұрғындардың қазіргі сұранысын толық қамтамасыз ете алмай, ертеңгі жағдайды елестетудің өзі қиын...

Айтпақшы, Президент Тоқаевтың сөзінде өңірде орталықтандырылған судың жоқтығы да арнайы аталды. Әлбетте, бұл мәселе тек "Алатауға" ғана тән емес. Бірақ, жаңа қала үшін оның салмағы әлдеқайда жоғары. Себебі, қала аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артқан сайын су тұтыну көлемі де өседі.

Үшіншіден, Президент Алатаудың дамуы туралы сөйлегенде тек инвестиция көлемі немесе жаңа өндіріс орындары туралы айтқан жоқ. Ол ең алдымен базалық инфрақұрылымға назар аударды. Яғни, Мемлекет басшысы қалаға қосылған елді мекен тұрғындарының тұрмысқа қажетті қарапайым жағдайының жасалмағанын айтты. Бұл сөздің астарында үлкен мәселе жатыр.

Демек, "Алатауды" әлемдік деңгейдегі технологиялық және іскерлік орталыққа айналдыру туралы биік айтуға болады. Арнайы құқықтық режим де енгізілді. Инвестициялық жобалар да келу үстінде. Бірақ, адамның үйінде жарық болмаса, көшесінде жол болмаса, ауызсуға қолжетімділігі шектеулі болса, "ақылды қала" концепциясының өзі абстракцияға айналмай ма?

Дәл осы сұрақ Алматы облысының әкімдігіне қазір ғана бағытталып отырған жоқ. Бір қызығы, бұл сауалдың жауабына Президенттен бастап, Премьер-министрге дейінгі саяси истеблишмент қанағаттанбай отырған сияқты.

Демек, Алматы облысында қалыптасқан жағдай үшін аймақтың қазіргі басшысы Марат Сұлтанғазиевтің атына айтылған сын мен талаптың орынды екені анық. Мәселе, одан шығатын нәтижеде болса керек...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.