«Ақылды протекционизм»: сарапшылар Бектенов үкіметінің отандық өндірісті қолдау саясатын бағалады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

«Ақылды протекционизм»: сарапшылар Бектенов үкіметінің отандық өндірісті қолдау саясатын бағалады

«Ақылды протекционизм»: сарапшылар Бектенов үкіметінің отандық өндірісті қолдау саясатын бағалады
Фотоиллюстрация: Kznews

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі бағыттарының біріне айналды. Сарапшылар бұл бағыттағы жүйелі жұмысты Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметінің өзіндік қолтаңбасы деп бағалайды. 2024 жылдың ақпанынан бері Үкімет отырыстарында отандық өндірісті қолдау мәселесі 30-дан астам рет көтерілген, деп хабарлайды kznews.kz.

Осы кезеңде бизнесті қолдау тетіктері жеңілдетілген қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алудан бастап, өндірістік кооперацияны дамытуға және ірі компанияларды қазақстандық жеткізушілермен жұмыс істеуге ынталандыруға дейін кеңейтілді.

Отандық өндірушілерден сатып алу екі есе өсті

Отандық тауар өндірушілерге тұрақты сұраныс қалыптастырудағы негізгі құралдардың бірі – «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулары. Берілген мәліметке сәйкес, өткен жылы Қор арқылы отандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге артып, шамамен 2,2 трлн теңгені құрады.

2024 жылы Қор компаниялары 11,1 мыңнан астам келісімшарт жасаса, келесі жылы келісімшарттардың жалпы көлемі екі есеге жуық өсіп, 2,17 трлн теңгеге жетті. Барлығы 2 283 отандық тауар өндірушімен 8,9 мыңнан астам шарт рәсімделген. Биылғы бірінші жартыжылдықта тағы 3,8 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 46%-ға жоғары.

Бұл саладағы маңызды өзгерістердің бірі – «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі» ақпараттық жүйесінің енгізілуі. Оның мақсаты – нақты өндірісі бар кәсіпорындарды анықтау және мемлекеттік қолдау мен сатып алу жүйесінің ашықтығын арттыру.

«Қазақстан ақылды протекционизм жолымен келе жатыр»

Қазақстан және Орталық Азия бойынша саяси сарапшы, экономист Расул Қоспанов мемлекеттік инвестициялардың рөлі біртіндеп өзгеріп келе жатқанын айтады. Оның пікірінше, бүгінде мемлекеттік инвестиция тек инфрақұрылымды жаңғыртудың емес, өнеркәсіпті дамытудың да құралына айналып отыр.

«Бектенов тұсында бизнесті қолдаудың жекелеген құралдары біртіндеп біртұтас өнеркәсіптік саясатқа айналып келеді. Оның басты қағидаты – мемлекет тек реттеуші ғана емес, өндірушілердің ең ірі тапсырыс берушісі де болуы керек», – дейді сарапшы.

Қоспанов Қазақстанның қазіргі саясатын «ақылды протекционизм» деп сипаттайды. Оның сөзінше, қазақстандық өнімді сатып алу көлемінің артуы, өндірістерді белсенді локализациялау және отандық тауар өндірушілер тізілімін енгізу нақты өндірісі жоқ компанияларды жүйеден ығыстыруға мүмкіндік береді. Сарапшы мұндай тәсіл индустрияландырудың табысты халықаралық тәжірибелеріне сәйкес келетінін атап өтті.

Бизнесті қолдаудың бірыңғай жүйесі қалыптасып келеді

Қазіргі уақытта қазақстандық кәсіпкерлер «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, Қазақстанның Даму банкі, Qazaqstan Investment Corporation, Экспорттық-кредиттік агенттік және басқа да институттардың құралдарын пайдалана алады.

Бұл ретте қолдау кәсіпкерліктің жекелеген санаттарына ғана емес, жалпы жергілікті өндірісті дамытуға бағытталып отыр. Қаржыландыру, инвестиция тарту және өнім өткізу нарығын қалыптастыру бір жүйеге біріктірілуде. Кәсіпкерлердің өздері де мемлекеттік қолдауға қол жеткізу талаптарының өзгергенін атап өтеді.

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің өкілі, кәсіпкер Ефим Третьяктың айтуынша, бұған дейін шағын өндірушілер үшін ірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен бәсекелесу әлдеқайда қиын болған.

«Соңғы жылдары Премьер нақты өндірістік қуаты бар және ел ішінде қосылған құн қалыптастыратын кәсіпорындарды қолдауға басымдық беріп отыр. Отандық тауар өндірушілер тізілімінің енгізілуін оң бағалаймын. Мұндағы басты талаптардың бірі – кәсіпорынның өнімді шын мәнінде өзі өндіретінін дәлелдеуі», – дейді ол.

Кәсіпкердің пікірінше, жаңа талаптар қатаң болғанымен, олар өнім сапасын арттыруға және шынайы өндірушілердің мемлекеттік қолдауға қолжетімділігін жеңілдетуге бағытталған.

Осылайша, отандық өндірушілерден мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу көлемін арттыру, өндірістерді локализациялау және нақты өндірісі бар кәсіпорындарға басымдық беру Қазақстандағы өнеркәсіптік саясаттың негізгі құралдарына айналып келеді.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.